Пятница, 16 августа 2019

KAZ Minerals 2019 жылдың бірінші жартысындағы іс-қызметінің нәтижелерін жариялады

KAZ Minerals Тобы 2019 жылдың бірінші жартысындағы өндірістік іс-қызметінің қорытындыларын және қаржылық нәтижелерін жариялады.

Сатылымнан түскен табыс алты айдың ішінде $1,052 млрд (2018 жылдың бірінші жартысы: $1,098 млрд) құрады. Топ 2018 жылдың алғашқы жартысымен салыстырғанда 3% артық мыс сатты. Дегенмен биржадағы мыс бағасының 11%-ға төмендеуі өсімнің әсерін азайтты. 2019 жылдың алты айындағы EBITDA – 59% маржасы бар $620 млн (2018 жылдың бірінші жартысы: $690 млн, маржасы 63%). Бір фунт үшін 80 АҚШ центі (2018 жылдың бірінші жартысы: 82 АҚШ центі/фунт) көлеміндегі таза ақшалай өзіндік құн шығындардың әлемдік қисығының бірінші квартилінде орналасқан және саладағы көшбасшылық орында.

Өндірістік нәтижелер

Бұған дейін хабарланғандай, 2019 жылдың алғашқы алты айында KAZ Minerals Тобы Ақтоғай сульфидті кен байыту фабрикасында (БФ) өндірісті өсіру және Бозшакөл мен Ақтоғайдағы сульфидті кендерді өңдейтін фабрикалардың жоғары өткізу қабілетінің арқасында 147,6 мың тонна мыс өндірді. Бұл 2018 жылдың бірінші жартыжылдығымен (139,6 мың тонна) салыстырғанда 6%-ға артық.

Бірінші жарты жылда ШҚО-дағы Ақтоғай КБК-нде мыс өндіру 74,1 мың тоннаға[1] жетті (2018 жылдың бірінші жартысы: 60,5 мың тонна). Павлодар облысындағы Бозшакөл КБК-нде 47,1 мың тонна мыс[2] (2018 жылдың бірінші жартысы: 49,8 мың тонна), Шығыс өңір мен Қырғызстандағы Бозымшақ кенішінде 26,4 мың тонна мыс2 (2018 жылдың бірінші жартысы: 29,3 мың тонна) өндірілді.

Бірінші жартыжылдықта KAZ Minerals 87,7 мың унция алтын2, 1,552 млн унция күміс2, 18,4 мың тонна концентраттағы мырыш өндірді.

Компания 2019 жылға мыс (шамамен 300 мың тонна), алтын (170-185 мың унция), күміс (3 млн унция) және концентраттағы мырыш бойынша жаңарған (40-45 мың тонна) жоспарланған өндіру көлемдеріне жету жолында.

Қаржылық нәтижелер

2019 жылдың бірінші жартысында мыс сатылымының өсуі (3%-ға) Лондон металдар биржасындағы шикізат бағасының (2018 жылдың бірінші жартыжылдығында тоннасына $6917-дан 2019 жылдың бірінші жартысында тоннасына $6165-ға дейін) төмендеуін ішінара өтеді. Бұл сатылымнан түскен $1,052 млрд (2018 жылдың бірінші жартысы: $1,098 млрд) табысқа әкелді. Өзіндік құн бойынша Топтың бәсекеге қабілеттілігі EBITDA-ның маржасы – 59% (2018 жылдың бірінші жартысы: 63%) және EBITDA көрсеткіші – $620 млн (2018 жылдың бірінші жартысы: $690 млн).

Операциялық кіріс 2018 жылдың бірінші жартыжылдығындағы $464 млн-дан есепті кезеңдегі $410 млн-ға дейін төмендеді, ал салық салуға дейінгі табыс 19%-ға, яғни $355 млн-дан $289 млн-ға дейін қысқарды. Табыс 18%-ға, яғни $276 млн-дан $227 млн-ға дейін төмендеді.  Базалық пайдаға негізделген акцияға шаққандағы кіріс 23%-ға, $0,62-дан $0,48-ға дейін төмендеді. Бұл шығарылған акциялардың көлеміне байланысты. Баимская мыс жобасының сатушысына арналған 22,3 млн жаңа акция шығарылды.

2018 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында Топтың жалпы және таза ақшалай өзіндік құнының көрсеткіштері аса өзгерген жоқ: бір фунт үшін 144 АҚШ центі (2018 жылдың бірінші жартысы: 145 АҚШ центі/фунт) және бір фунт үшін 80 АҚШ центі (2018 жылдың бірінші жартысы: 82 АҚШ центі/фунт).

Кеңейту жобаларына арналған күрделі шығындар жарты жылда $332 млн-ды (2018 жылдың бірінші жартысы: $325 млн) құраса, өндірісті қолдау күрделі шығындары $66 млн (2018 жылдың бірінші жартысы: $39 млн) құрады. Жоспарлы жылдық көрсеткіш $150 млн.  

Операциялық қызметтен түсетін $236 млн (2018 жылдың бірінші жартысы: $350 млн) көлеміндегі таза ақша ағыны Топ өндірісінің жақын және ұзақ мерзімді өсуіне инвестиция салуға ықпал етті. 2019 жылдың қаңтар айында Баимская жобасының сатушысына $436 млн ақшалай сыйақы төлеу мен Ақтоғайды кеңейту жобасының құрылысына $223 млн мөлшеріндегі күрделі шығындардан кейін бірінші жартыжылдықта таза берешек $2,560 млрд дейін ұлғайды (2018 жылдың 31 желтоқсанында: $1,986 млрд).

2019 жылдың бірінші жартысында KAZ Minerals өзінің міндеттемелері бойынша негізгі қарыздың жоспарлы төлемдерін жүзеге асыруды жалғастырып, $272 млн төледі. Жалпы берешек 2018 жылдың соңындағы $3,453 млрд-дан 2019 жылдың 30 маусымындағы $3,299 млн-ға дейін қысқарды. Қазақстанның даму банкінің (ҚДБ) $600 млн жаңа несие желісі аясындағы $120 млн игерілді. Бұл несие желісі туралы келісімге 2019 жылғы 14 маусымда қол қойылған. Ақша қаражаты мен оның баламалары және қысқа мерзімді инвестициялар 2018 жылдың соңындағы $1,469 млрд-дан 2019 жылдың 30 маусымындағы $739 млн-ға дейін қысқарды. Алдағы уақытта Ақтоғайды кеңейту жобасын қаржыландыру үшін ҚДБ-нің несие желісі аясындағы тағы $480 млн игеру жоспарланған. 

Баимская

2019 жылдың қаңтар айында KAZ Minerals Ресей Федерациясының Чукот автономиялық округіндегі Баимкая мыс жобасын сатып алуды аяқтады. Баимская лицензиялық ауданында орналасқан Песчанка кен орны – JORC кодексі бойынша орташа мөлшері 0,43% болатын 9,5 млн тонна мыс және орташа құрамы 0,23 г/т болатын 16,5 млн унция алтын ресурстары бар әлемдегі игерілмеген ең ірі кен орындардың бірі.

Күрделі шығындардың, өндіріс көлемінің, операциялық шығындардың және өндірісті қолдауға арналған күрделі шығындардың болжамды деректерін қоса алғанда, банктік техникалық-экономикалық негіздеменің (ТЭН) нәтижелері 2020 жылдың бірінші жартысында жарияланатын болады деп жоспарланған.

Чукот өңірінде инфрақұрылымды дамыту Топ басшылығының болжамдарына сәйкес іске асып жатыр. Ресей үкіметі қаржыландыратын Билибинодан Баимскаяға дейінгі 110 кВ электр желісі 2019 жылдың соңына қарай алаңға қосылатын болады. Қазіргі уақытта 90% тірек бағаналары орнатылған. 110 кВ қуат блогы 2020 жылы іске қосылуы тиіс.

"Академик Ломоносов" жүзу атом энергоблогы отын бар және оны "Росатом" операторы сынақтан сәтті өткізді. Ол 2019 жылдың тамыз айының соңында Мурмансктен Певек портына аттануы тиіс. Мобильді АЭС Билибинодағы жұмыс істеп тұрған атом электр станциясы істен шыққанда құрылыс жұмыстарына арналған алаңды электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бұл 2021 жылдың соңында орын алады деп жоспарланған.

2026 жылдан бастап мыс өндіруге қажетті қосымша қуатты қамтамасыз ету мақсатында Магадан облысындағы қолданыстағы су электр станцияларына объектіні қосу үшін мемлекет қаржыландыратын 220 кВ электр желісін салу жоспарлануда.

Омолон-Анадырь автожолы жобасының шеңберінде Ресей үкіметі Баимская жобасын Певек портымен байланыстыратын жаңа тұрақты жолдың құрылысын жүргізуде. Оның ұзындығы 800 км. Илирней ауылымен Яракваам арасындағы жолдың алғашқы 100 шақырымдық бөлігі аяқталды. Құрылыстың келесі учаскесі – Баимская алаңын Илирней ауылымен қосатын 250 километрлік бағыт. Аталмыш жолға мемлекеттік қаржыландыру бөлінді, құрылыс 2019 жылдың соңына қарай басталады деп күтілуде.

Директорлар кеңесі Баимская алаңын әзірлеуге 2019 жылдың екінші жартысындағы $80 млн күрделі шығындарды мақұлдады. Бұл вахталық кентті, отын қоймасын, аэродромды және энергетикалық инфрақұрылымды салу жөніндегі алғашқы жұмыстарға кірісуге, сондай-ақ қажетті құрылыс жабдықтарын жеткізуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Биыл ТЭН-ге бағытталған $70 млн қосқанда, 2019 жылы жалпы күрделі шығындар шамамен $150 млн құрайды деп күтілуде. Бірінші жартыжылдықта Баимская жобасына арналған күрделі шығындар $23 млн құрады.

Ақтоғайды кеңейту жобасы (Ақтоғай II)

Топ Ақтоғай II жобасын табысты іске асыруды жалғастыруда: мұнда сульфидті кенді өңдеу бойынша қуаттылықты екі еселейтін екінші кен байыту фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Бірінші тоқсанда диірмен және флотациялық жабдықтарға арналған іргетас қаланды, қазіргі уақытта металл құрылымдарын монтаждау айтарлықтай дәрежеде аяқталды. КБК-не ірі тау-кен техникасы жеткізіліп, іске қосылды, оның ішінде Caterpillar 793 карьерлік жүк көліктері мен Caterpillar 994 жүк тиегіштері бар. Олардың көмегімен екінші БФ ескере отырып, көбірек кен өндіру жоспарланып отыр. Тау-кен техникасын одан әрі жеткізу 2019 жылдың екінші жартысына жоспарланған.

Екінші байыту фабрикасында мыс өндіруді 2021 жылы бастау жоспарланып отыр.

ҚДБ-мен $600 млн көлеміндегі жаңа несие желісі туралы маусым айындағы келісімнен кейін Топ жобаны жүзеге асыру қауіпін одан әрі азайту мақсатында $100 млн күрделі шығындарды 2019 жылға ауыстырды. Нәтижесінде 2019 жылы Ақтоғай II жобасының күрделі шығындары $500 млн ($400 млн орнына) болады деп жоспарланған. Сондай-ақ, 2020 жылы $400 млн, ал 2021 жылы  $100 млн болады деп күтілуде.

Жоба бюджеті өзгеріссіз қалады – $1,2 млрд.

Көксай

Non-Ferrous China компаниясының Көксай жобасына $70 млн инвестициялауы туралы 2018 жылдың 8 маусымында жарияланған келісім 2019 жылдың 3 шілдесінде аяқталды. Оның орнына NFC 19,4% акция алады. Жобаның ТЭН жасау басталды, оның нәтижелерін, әзірлеуге қалай және қашан кірісу туралы шешім қабылдау үшін, Директорлар кеңесі қарайтын болады. 2019 жылы Көксайға арналған күрделі шығындар көлемі өзгеріссіз қалады – шамамен $20 млн.

Дивидендтер

2019 жылдың бірінші жартысында KAZ Minerals таза ақшалай құнды төмен деңгейде сақтай отырып, мыс өндірісін 6%-ға ұлғайтты, жоғары өндірістік және қаржылық нәтижелерге қол жеткізді. Бірақ таяу болашақта мыс нарығы әлсіреуі мүмкін. Сондықтан қазіргі уақытта Топ айтарлықтай күрделі қаржы салу кезеңін бастан кешуде.

Осы жағдайларды және Топтың икемді дивидендтік саясатын назарға ала отырып, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Директорлар кеңесі бір акцияға 4,0 АҚШ центі мөлшерінде аралық дивиденд жариялайды.

Баимская жобасының ТЭН-сі аяқталғаннан кейін, қаржыландыру қажеттілігі, оның ішінде капитал салу бюджетін, кезеңділігін, қаржыландыру көздерін және серіктестік нұсқаларын бағалаған кезде Директорлар кеңесі Топтың капиталын бөлуді қосымша қарастырады.

KAZ Minerals Тобының басқарма төрағасы Эндрю Саузам былай деп мәлімдеді: «KAZ Minerals-тың 2019 жылдың бірінші жартысында EBITDA көрсеткіші $620 млн-ға жетті, өндіріс ұлғайып, салада көш бастап келе жатқан төмен шығынды компания позициясын сақтап қалды. Топтың таяу және ұзақ мерзімді өркендеу жобалары – Ақтоғай II және Баимская - іске асырылу барысында. Ақтоғайда бастапқы үгіту қондырғысы мен сульфидті кен байыту фабрикасы салынып, тау-кен техникасының паркі кеңейтілуде. Ал Баимская жобасында 2019 жылдың екінші жартысында алғашқы жұмыстар басталады».

 

[1] Концентраттағы ақысы төленетін металл және Ақтоғайдағы оксидті кеннен өндірілген катодты мыс

[2] Концентраттағы ақысы төленетін металл