Пятница, 31 июля 2015

2015 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша KAZ Minerals Тобы 37 мың тонна катодты мыс өндірді

Өндіріс қарқыны жыл соңына қарай компания жоспарлаған 80-85 мың тонна көрсеткішіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Концентраттағы мыс өндірісі 43 мың тоннаны құрады. Есепті кезеңде Шығыс Қазақстандағы кеніштер мен Бозымшақ карьерінде 2,23 млн тонна кен өндірілді. Кен құрамындағы мыстың орташа мөлшері 2,24% құрады.

 

Бірінші жартыжылдықта компания іліспе өнімдер болып табылатын мырыш пен күміс өндірісі бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізді. 50 мың тонна концентраттағы мырыш өндірілді. Артемьев кенішінің кені құрамындағы мырыш мөлшері жоспарлы көрсеткіштен артық болып шықты. Сондай-ақ, есепті кезеңде Николаев кен байыту фабрикасында мырыш мөлшері жоғары қордаланған кен өңделді. Есепті кезеңде 1,66 млн унция күміс өндірілді. Жағымды факторлар ретінде Артемьев және Ертіс кеніштеріндегі кеннің құрамында күміс мөлшерінің күтілген деңгейден жоғары болуын, айырып алу коэффициентінің өсуін және аяқталмаған өндірістен шикізаттың қосымша көлемінің алынуын айтуға болады. Бірінші жартыжылдықтың мырыш концентраты мен күміс өндірісі бойынша нәтижесі Топқа бұл өнімдер бойынша жылдық жоспардың жоғарғы шегіне, яғни сәйкесінше, 90-95 мың тонна мен 2,2-2,5 млн унция көлеміне қол жеткізуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

 

Бірінші жартыжылдықта құйма түріндегі алтын өндірісінің көлемі 16,1 мың унцияны құрады. Топ алты ай ішінде 20 мың тонна концентраттағы алтын өндірді, алайда, қордаланған концентраттан дайын өнім екінші жартыжылдықта өндіріледі. Бүгінде Бозымшақ КБК-де фабриканың технологиялық процестерін оңтайландыру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде және ол жыл соңына таман аяқталады. KAZ Minerals Тобының алтын өндірісі бойынша болжамды көрсеткіші қайта қаралып, 34-38 мың унцияны құрады (жыл басында мәлімделген 42-47 мың унциямен салыстырғанда).

 

Даму жобаларының бірі – Бозымшақ кен орнында мамыр айының соңынан бері алдын-ала тау-кен жұмыстары жүргізілуде, негізгі карьер игерілуге даярлануда. Жоспар бойынша, 2015 жылдың үшінші тоқсанында онда сульфидті кен өндірісі басталады.

 

Ақтоғайда тотықтандырылған кен өндірісі басталды. Ол шоғырландыра сілтісіздендіру әдісі арқылы өңделетін болады. Маусым айының соңындағы жағдай бойынша, шоғырландыра сілтісіздендіру панелдеріне кейін суландыру үшін құрамында 0,8 мың тонна мысы бар 251 мың тонна тотықтандырылған кен түсірілді.

 

«Екінші тоқсанда өндірістік қызметіміз тұрақты нәтижелер көрсеткеніне қуаныштымыз. Компания катодты мыс өндірісі бойынша осы жылға жоспарланған көрсеткішке қол жеткізбек ниетте. Сонымен қатар, біз мырыш пен күміс өндірісі бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздік. Бүгінде Бозшакөл мен Ақтоғайда басталған алдын-ала тау-кен жұмыстары – 2015 жылдың төртінші тоқсанында даму жобаларындағы өңдеуші қуаттылықтарды іске қосу үшін жақсы негіз болып табылады», - деп мәлімдеді KAZ Minerals Тобының Басқарма төрағасы Олег Новачук.

---------------

Редакторларға арналған ескертпелер

КAZ Minerals – Қазақстанда заманауи, азшығынды тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған өсу әлеуеті зор мыс өндіруші компания. Компания - Қазақстандағы жетекші мыс өндірушілердің бірі. Компанияның қолданыстағы 5 кеніші мен 4 кен байыту фабрикаcы бар. 2014 жылы 84 мың тонна катодты мыс өндірілді.

 

Сондай-ақ, KAZ Minerals ілеспе өнім ретінде мырыш, күміс пен алтынның ауқымды көлемін өндіреді. 2014 жылы 121 мың тонна концентраттағы мырыш, 3,4 млн. унция күміс пен 35 мың унция алтын өндірілді.

 

Топ екі негізгі өркендеу жобасын – Бозшакөл мен Ақтоғай жобаларын жүзеге асыруда. Үшінші жоба – Көксай жобасының тұжырымдамасы дайындалуда. Аталмыш өркендеу жобалары осы саладағы ең қарқынды даму көрсеткіштерін қамтамасыз етіп, KAZ Minerals-ты қорының басым бөлігі әлемдік деңгейдегі ашық түрдегі кеніштерден тұратын компанияға айналдырмақ.

 

KAZ Minerals PLC компаниясының құнды қағаздары Лондон, Гонконг пен Қазақстан қор биржаларында айналымда. Топта шамамен 10 000 адам жұмыс істейді, басым бөлігі Қазақстан азаматтары.