Вторник, 29 мая 2018

Индустрия 4.0 және «Цифрлық Қазақстан»: Б. Сағынтаев Қостанай облысындағы технологиялық жаңғыртумен танысты

Бүгін Қостанай облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев салынып жатқан индустриялық аймаққа барып, Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауларын іске асыру аясында ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың технологиялық жаңғыру және цифрландыру барысымен танысты.

 

Бақытжан Сағынтаев Рудный қаласында «Соколов–Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ кенішіне барды. Аралау барысында «ССТБӨБ» АҚ президеті Б. Мұхаметқалиев биыл Соколов–Сарыбай кен орнында Индустрия 4.0-дің бірден бірнеше элементі енгізіліп жатқанын атап өтті. Олардың арасында «Ақылды кеніш» жобасы да бар.

 

Анықтама: Бұған дейін Қашар кен орнында іске асырылған «Ақылды кеніш» жобасы — бұл нақты уақыт режимінде тау-кен көлігі кешенін басқарудың автоматтандырылған жүйесі, интеграциялық жоспарлау орталықтары, спутниктік дәл жайғастыру және бұрғылап қопару жұмыстарын басқару. Жоба кен өндірудің толық интеграцияланған циклі, бос жыныстарды жою және концентрат пен шекемтас өндіруден тұратын «Ақылды кеніш — ақылды фабриканың» бір бөлігі.

 

Соколов-Сарыбай кен орнындағы технологиялық жаңғырту 2020 жылы аяқталып, өнімділікті 10%-ке арттыруға жол ашады. Бұдан өзге, жұмыстардың қауіпсіздігі артып, қоршаған ортаға зияны төмендейді.

 

Сонымен қатар, моноқалада жаңа экономика үшін білікті мамандар даярланатын «ССТБӨБ» АҚ-ның оқу орталығы тексерілді. Мамандарды даярлау орталығының басшысы Р. Ісмұхамбетов жыл сайын Learn-Академияда кәсіби даярлау мәселелері бойынша 6 мыңнан бастап 7 мың адамға дейін, өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша 20 мыңнан астам адам білім алатынын мәлімдеді.

 

Жалпы, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің деректері бойынша, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу ЖІӨ-нің жыл сайынғы өсімін қосымша 1-1,5%-ке ұлғайтуға мүмкіндік береді.

 

Бақытжан Сағынтаев Қостанай қаласында Индустриялық аймақтың құрылысымен танысты, оны биыл желтоқсан айында аяқтау жоспарланып отыр.

 

Облыс әкімінің орынбасары М. Мырзалиев 119 млрд теңгеден астам сомаға 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлары туралы баяндады. ИА аумағында машина жасау және металл өңдеу, химия, тоқыма өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі және басқа да өңдеу салалары секілді экономика секторларының кәсіпорындары орналасады. Сондай-ақ, Арнайы экономикалық аймақ құру жұмыстары жүргізіліп жатыр, оның қызметінің негізгі бағыттары — өңір үшін дәстүрліге айналған машина жасау, жабдық шығару, азық-түлік өнімдерін шығару болады.

 

Анықтама: Жалпы алғанда, Қазақстанда 38 индустриялық аймақты ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр: олардың 22-і жұмыс істейді, 7-і салынып жатыр, 9-ы жүзеге асырылу сатысында (ТЭН әзірлеу, мемлекеттік сараптама жүргізу және т.б.). Индустриялық аймақтарда барлығы 112 жоба бар, 5 500 астам жұмыс орны құрылған. Сондай-ақ, жалпы инвестициялар сомасы 820 млрд теңгені құрайтын 219 жоба пысықтау және енгізу сатысында тұр, шамамен 17 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

 

Индустриялық аймақты аралау барысында Бақытжан Сағынтаевқа «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының өңірде іске асырылуының ағымдағы нәтижелері және орындалу перспективалары ұсынылды.

 

Айта кету керек, өңірді цифрландыру облыс әкімдігі бекіткен 2018 жылға арналған Жол картасы аясында жүзеге асырылып жатыр, оған 77 іс-шара кіреді: ауыл шаруашылығын цифрландыру бойынша 29 жоба, «SmartCity» технологиясын енгізу бойынша — 11, көлік саласында —  4, шағын және орта бизнесті цифрландыру бойынша — 10, білім беру саласында — 5, денсаулық сақтау саласында — 8, қауіпсіздік саласын цифрландыру бойынша — 6, әлеуметтік саланы цифрландыру бойынша — 3 және экологиялық қауіпсіздік саласында 1 жоба.

 

Қостанай облысы аграрлық өңір ретінде саналатынына байланысты (еліміздің ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі 4,5%, ал өңірдің ЖӨӨ — 13%) өңірде ауыл шаруашылығы пилоттық режимде цифрландырылып жатыр. Аграршылар қазірдің өзінде дәлме-дәл егіншілік, геоақпараттық жүйелер, алаңдардың электронды карталарын енгізу, ауыл шаруашылығы техникасын қашықтықтан бақылау және  жайылымдық жерлерде үй жануарларын бақылауға арналған «Дрон» ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану сияқты заманауи алдыңғы қатарлы әлемдік технологияларды енгізіп жатыр. Мобильдік қосымшалар тұқымдарды, тыңайтқыштарды себудің, астықты жинаудың, өнімді жүктеу және жеткізу уақытын есептеудің ең тиімді уақытын анықтауға; сақтау және тасымалдау аймағындағы температураны қадағалауға, астықты және кірістерді болжауға мүмкіндік береді.

 

Облыс әкімдігінің деректеріне сәйкес, «ақылды технологияларды» қолдану өнімнің өзіндік құнын орта есеппен 10-15%-ке төмендетуге мүмкіндік береді, бұл оны нарықта бәсекеге аса қабілетті етеді.

 

Ақпарат көзі: primeminister.kz