Вторник, 23 июня 2015

ҮИИД бағдарламасын жүзеге асырудың бірінші бесжылдығы бойынша Павлодар облысы республикада үшінші орынды алады

Павлодар облысы бірінші бесжылдықтың қорытындысы бойынша ҮИИД бағдарламасын жүзеге асырудан республикада үшінші орынды алды

Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалында «Инновациялық экономика» бағыты бойынша аймақтық сараптау тобының отырысында Павлодар облысы индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұрат Кәрімов мәлім етті. - ҮИИД бағдарламасын жүзеге асырудың бірінші бесжылдығы ішінде Павлодар облысында 274,4 млрд. теңгені құрайтын 68 жоба жүзеге асырылып, 5617 жұмыс орны ашылды. Осы көрсеткіштер бойынша облысымыз Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарынан кейін үшінші орында келеді. 15 жаңа өндіріс түрі, пропилен, полипропилен сияқты 60 түрлі жаңа өнім шығарыла бастады. 5 жыл ішінде 588,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл - келтірілген инвестиция көлемінен екі есеге артық, - дейді М. Кәрімов. Баяндамашының айтуынша, биыл ҮИИДМБ аясында 2260 жұмыс орнын ашатын 7 нысанның іске қосылуы жоспарлануда. Полимер бұйымдар жасау жөніндегі кәсіпорын іске қосылса, қалған 6 жоба екінші жартыжылдықта жүзеге асады. Ең ірісі - Бозшакөл кең-байыту комбинаты. Ол 1500 адамды жұмыспен қамтып, болашақта жылына 100 мың тонна мыс концентратын өндірмек. Агенттікке «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалының баспасөз хатшысы Айбек Жұматов хабарлағандай, отырыс барысында өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Партияның Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айзада Құрманова бастаған нұротандықтарды іске қосылған 68 кәсіпорынның жобалық қуаттылығы қызықтырды. Бұған жауап берген индустриалды-инновациялық даму басқармасының өкілі бес кәсіпорынның қуаты әлі қажетті деңгейге жетпегенін жасырмады.

 

Pavlodarnews.kz