Пятница, 13 марта 2015

ШҚО әкімі Kaz Minerals тобының салынып жатқан кенішін аралады

Аягөз ауданындағы іссапары аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Kaz Minerals Тобының салынып жатқан Ақтоғай кенішін аралады. Құрылыс жұмыстарының барысы жайында өңір басшысына Топтың Басқарма басшысы Олег Новачук баяндады

Ақтоғайдағы құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Негізгі жабдықтар жеткізіле бастады. Нысан пайдалануға берілгенде мұнда 1500 адам жұмыс істейтін болады.

 

Ақтоғай – бұл ашық типтегі ірі кеніш. Ол ШҚО Аягөз ауданындағы Ақтоғай кентінің маңында орналасқан. Кенорынның пайдалану мерзімі - 50 жылдан астам. Кенішті іске қосуға жұмсалған күрделі қаржы шығындары - $2,3 млрд. Бұл облыстағы ірі инвестициялық жобалардың бірі болып табылады.

 

Кенорынды іске қосу ҮИИД мемлекеттік бағдарламасына енген және компанияның ірі екі өркендеу жобаларының бірі (екінші жоба – Павлодар облысындағы Бозшакөл кенорынын игеру). Бұл жобаларды таяу жылдары іске қосу катодты мысты өндірудің көлемін 50% арттыруға мүмкіндік береді.

 

Сульфидті кеннің бетінде орналасқан тотыққан кенді шоғырлап сілтісіздендіру 2015 жылдың 4 тоқсанында басталмақ. Бұл орта есеппен алғашқы 10 жыл ішінде 15 мың тонна катодты мыс шығарылады деген сөз. Сульфидті кеннен өнім өндіру 2017 жылы басталып, алғашқы 10 жыл ішінде катодты эквиваленттегі 90 мың тонна мысты құрамақ.

 

Тотыққан кендерді қайта өңдеу жөніндегі кешенді салу, электр жеткізу желілерінің құрылысы, теміржол желілерін салу және оларға қызмет көрсету, жер, бетон жұмыстары сияқты құрылыс науқандарының негізгі көлемін қазақстандық компаниялар жүргізеді. 

 

Қазақстандық компаниялардың аталған нысанда жұмыс істеп жүрген қызметкерлерінің саны 1000 адамнан астам. Олардың арасында жергілікті тұрғындар да еңбек етуде.

 

Соңғы 5 жыл ішінде компания Шығыс Қазақстандағы түрлі әлеуметтік нысандар мен құрылыстарға 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлген.