ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы кезінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек еліміздегі геологиялық саланы дамыту шаралары туралы баяндады, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Министрдің айтуынша, геологиялық саланы дамыту үшін бірінші кезекте жаңа аумақтар мен аймақтардағы іздеу жұмыстарын қаржыландырудағы мемлекеттің рөлін арттыру қажет.
«Сонымен қатар, жер қойнауларын зерттеудегі басымдықтарды белгілеу, геологиялық барлау жұмыстарының түрлері мен көлемін нақтылауды негіздеу үшін алдын-ала ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Ғылыми тақырыптарды қарастыру үшін Геология жөніндегі Ұлттық ғылыми кеңесті құрып, оның құрамына геологиялық бағыттағы сарапшыларды қосу керек», - деді Ж.Қасымбек.
Оның айтуынша, дүниежүзілік тәжірибеге сүйенсек, әлемдік деңгейдегі салалық инфрақұрылымды құрған жөн. Оның аясында бірнеше ғылыми-зерттеу орталықтары, геологиялық ақпараттар қамтылған электронды мәліметтер қорының блогы, сонымен қатар зерттеулер жүргізу үшін халықаралық аккредиттелген заманауи зертхана салынуы тиіс. «Қамшы» сілтейді