Дүйсенбі, 12 Мамыр 2014

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов пен ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды

 

 

 

МОН МТСЗН НПП

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов пен ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен шарада техникалық және кәсіптік оқытуды дамыту бойынша бірлескен жұмыс жоспары бекітілді. 

 

Үшжақты меморандум жобасы білім берудің жаңа тетіктерін енгізу арқылы Қазақстандағы кәсіптік білім беру саласын дамыту бағытында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы дайындаған ұсыныстар негізінде жасақталды. Бұл ұсыныстар кәсіби білім беру саласындағы замануи талаптарға сай келеді. Бірлескен жұмыс  арқылы тараптар экономиканың түрлі саласы үшін және бизнес-қауымдастықтың ұсынысына сай кәсіби біліктілігі жоғары, заман талабына сай, сұранысқа ие техникалық мамандарды даярлауды көздейді. Мұнымен қатар, кәсіптік білім алған мамандар Қазақстанның индустриалды-инновациялық жобаларының сұранысына сай болуы тиіс.

 

Бірлескен жұмыс жоспары бірнеше бағытты қамтиды. Мәселен, мамандарды даярлауда және дуальді оқыту жүйесін енгізу бойынша заң жобасы әзірленеді. Атап өткен жөн, дуальді оқыту жүйесі арқылы азаматтар теориялық біліммен қатар, тәжірибе жүзінде кәсіби шыңдалуына мүмкіндік алады. Дуальді оқытуда студенттерге тиімді, әрі әділ іріктеу жүргізу үшін күзде бірыңғай веб-сайт ашу жоспарланып отыр.

 

Қазақстанның әрбір облысында техникалық мамандарды дайындайтын оқу орындарында эсперименталды оқу жоспары енгізілмек. Оған сай, білім беру сағаттарының  60%-ын тәжірибелік сабақтарға арнау көзделеді.

 

Әрбір өңірде ірі мекемелер мен салалық қауымдастықтар бірлесіп оқу орталықтарын ашады.  Ал, 2015 жылға қарай бұл жұмыстарға шетелдік қорлар мен компаниялар қаржысын тарту межеде бар. Студенттерді тәжірибелік баулу жұмыстары шетелдік компаниялар базасында жүргізіледі. 

 

Министрлік өкілдері мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері атап өткендей, бұл қадам ел экономикасының қазіргі талаптарына сай келеді. Аталған жұмыстар 2011-2020 жылдарға арналған ҚР-дағы білім беруді дамыту бағдарламасы мен үдемелі индустриалды-инновациялық даму жөніндегі Мемлекеттік бағдарламаның заңды жалғасына айналмақ.            

 

Минт. труда и соц. защиты РК