Жұма, 04 Желтоқсан 2015

Ақсу ферроқорытпа зауытында «Ерен еңбек вахталары» декадасының қорытындылары бойынша ең үздік балқыту бригадалары анықталды

ERG құрамына кіретін «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауытында  Тұңғыш Президент күніне арналған  «Ерен еңбек вахталары» декадасының қорытындылары шығарылды. Жарыс кәсіпорындағы ферроқорытпа цехтарының балқытушылары арасында өтті.

 

Мұндай кәсіби байқау зауытта бесінші рет өткізіліп отыр. Осы уақыт ішінде Ерен еңбек вахталары бригадалар арасында өте танымал болды. Конкурстың жиынтық хаттамаларында тек өндірістік көрсеткіштер емес, сонымен қатар жұмыс орындарындағы қауіпсіздік техникасының сақталуы, тәртіп, тіпті учаскелердің тиісті түрде болуы есепке алынады. Бұл балқыту агрегаттарының барлық ұжымдарына өзін жақсы жағынан көрсетіп, бар күшті жұмылдырып, корпоративтік рухты көрсетуге зор мүмкіндік береді.

 

– Еңбек жарысы жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтерумен қатар Ақсу ферроқорытпа зауытының еңбеккерлерінің жас және аға буындары арасындағы байланысты нығайтуға шақырады. Мысалға,  27 пештегі бригадирлердің жас шамасы 29 бен 56 жас арасында, – дейді техникалық директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Рустам Бакраденов. –  Зауытта кеңінен таралған тәлімгерлік дәстүрлермен қатар өндірісшілердің кәсіби тұрғыдағы бәсекелестігі жаңа буынға аға буыннан тәжірибе мен шеберлікті тез үйреніп алуға, өз ісінің нағыз шеберлері болуға септігін тигізеді. Мұндай жарыстар еңбек ұжымдарын біріктіріп, балқыту цехтарының металлургтерін жақындастырып, өздерін бір команданың – тату еңбек отбасының бір бөлігі ретінде сезінуге мүмкіндік беретіні де маңызды.

 

Жарыстың он күні ішінде барлық қатысушылар жоспарды орындады, ал бірнеше бригада тіпті асырып жіберді. Ерен еңбек вахтасы барысында тұтас алғанда шамамен 18,5 мың тонна ферроқорытпа шығарылды. №2 цехтың ең жақсы бригадасы атағына 24 пештің ұжымы ие болды, №4 цехтағы ең жоғары өндірістік көрсеткіштер 42 пеш бригадасында, ал №6 цехтың озаттары болып 64 агрегаттың балқытушылары  танылды.  Зауыт бойынша масштабты кәсіби жарыс нәтижелері бойынша 27 пештің ұжымы ең жақсы ұжым болып танылды, онда 16 адам еңбек етуде.

 

Жеңімпаз атануға оларға ұжымдарындағы ұйымшылдық пен сенімділік септігін тигізді. Айта кететіні, пеш жақында ғана күрделі жөндеуден өтіп, жақсы қыздырылды және қазіргі уақытта металлургтерді жақсы көрсеткіштермен қуантуда.

 

Бригадалар салтанатты түрде естелік сыйлықтармен және ақшалай сыйақылармен марапатталды.