Жұма, 24 Қазан 2014

Ақтөбеде тау кен-металлургиялық кешенінің үздік жұмысшысын таңдады

«Қазхром» ТҰК» АҚ үздік жұмысшысы» кәсіби шеберлік конкурсын Ақтөбе ферроқорытпа зауытында өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналды. Осылайша, Еуразиялық топқа (ERG) кіретін компания өз жұмыскерлерін қолдап, еңбекке деген қызығушылығын арттыруға тырысады.  

 

Ақтөбеге компания филиалдары – Ақтөбе және Ақсу ферроқорытпа зауыттары, Дөң КБК, «Казмарганец» кен басқармасы және Серов зауытында өткен іріктеу конкурстарының жеңімпаздары келді.

 

Жарыс кезең-кезеңмен келесі мамандықтар бойынша өткізілді: электргаз дәнекерлеуші, тиегіш машинисі, ТББ бақылаушысы, «КамАЗ» автокөлігінің жүргізушісі және токарь.

 

Компанияның бас мамандары арнайы осы конкурсқа әрбір мамандық бойынша іс-тәжірибелік тапсырмалар мен 30-ға тарта теориялық сұрақтар дайындады. Сайыстың  ең қызықты бөлігі - тәжірибелік тапсырмаларды орындау кезінде қатысушылар өз шеберліктерін көрсетті. Мысалы, «КамАЗ а/к жүргізушісі» номинациясында қатысушылардан бұлтарыстардан «ирекпен» өтіп, ешбір гильзаны қағып өтпей, «лабиринт» арқылы жүру талап етілді. «DRESSTA тиегішінің машинисі» номинациясы да өте қызықты өтті, онда жұмыскерлер шөмішті қиыршық тасқа толтыру, кейін шегініп жүру және басқа да тапсырмалар орындады.

 

Сайыс қатысушыларын «Қазхром» басқару аппаратының және Ақтөбе ферроқорытпа зауытының профильдік мамандары кірген комиссия бағалады. Тапсырмаларды орындау кезінде еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасын сақтауға ерекше мән берілді.

 

«Қазхром» ТҰК» АҚ үздік жұмысшысы» кәсіби шеберлік конкурсының қорытындысы бойынша  «Электргаздәнекерлеуші» номинациясы бойынша  1-орынды Ақтөбе ферроқорытпа зауытының электргаздәнекерлеушісі Денис Козлов үздік атанды. «Токарь» аталымы бойынша  1-орын Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жұмыскері Сеік Ниязғуловқа бұйырды. ««КамАЗ» автокөлігінің жүргізушісі» аталымы бойынша өзінің командасына 1-орынды Дөң тау-кен байыту комбинатының жүргізушісі Алексей Свиридов әкелді. «DRESSTA тиегішінің машинисі» номинациясы бойынша 1-орынды Ақтөбе ферроқорытпа зауытынан Дмитрий Сташков иеленді. «Техникалық бақылау бөлімінің бақылаушысы» аталымы бойынша 1-орынға Ақтөбе ферроқорытпа зауытының маманы Лаура Жаймағамбетова қол жеткізді. Жалпы командалық есеп бойынша  бірінші орын Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, екінші орынды  Ақсу және Серов ферроқорытпа зауыттары өзара бөлісті.

 

Сайыс қатысушылары өз жеңістерін ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарланған Еуразиялық топтың 20-жылдық мерейтойына арнады.

 

-  Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру біздің қызметіміздің негізгі бағыттарының бірі. Біз жас жұмысшыларға да, тәжірибелі мамандар – жастардың тәлімгерлеріне де өзін-өзі танытуға мүмкіндік береміз. Осындай кәсіби мамандық сайыстары жұмысшылардың кәсіби дамуы мен жетілуіне жақсы ынтыландыру болып табылатынына сенімдімін, – деп «Қазхром» ТҰК» АҚпрезидент Виктор Тиль жеңімпаздарды құттықтады.

 

{igallery id=242|cid=92|pid=1|type=category|children=0|showmenu=0|tags=|limit=0}