Бейсенбі, 14 Мамыр 2015

«Бала сауысқандық» кен орнында жылына 1 млн тонна кен өңдеу жоспарланып отыр

Шикі мұнай, газ және уран өндірісімен қатар металлургия өңір экономикасының тірегіне айналады, ал келешекте облыс халқын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді

Қызылорда өңірі экономикасының ең перспективті сегменті ретінде металлургиялық кластер құру мәселесі осыдан бір жыл бұрын ҚР Президенті жанындағы тау-кен металлургиялық кеңестің отырысында көтерілген болатын. Нәтижесінде «Қызылорда облысында тау-кен металлургия саласын дамытудың жол картасы» қабылданған еді.

 

Жол картасын іске асырудың алғашқы кезеңіне бірқатар ірі жоба енді.

 

«Атап айтсақ, бұл «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында кешенді кеңейту және қуаты жылына 4 млн тонна өнімді құрайтын тау-кен байыту фабрикасының құрылысы. Жоспар бойынша, фабрика 2017 жылы ашылуы тиіс», - деп мәлім етті Қызылорда облысы әкімінің орныбасары Ғалым Әміреев.

 

Сондай-ақ Қызылордада жылына 162 мың тонна алюминий ферросилицийін шығаратын ферроқорытпа зауытын салу да жоспарланып отыр. Дегенмен қазіргі таңда ең перспективті жобалардың бірі – Шиелі ауданындағы ванадий кен орнын өнеркәсіптік тұрғыдан игеру.

 

«Шикізат базасын кеңейту және «Бала сауысқандық» ванадий кен орнында кенді қайта өңдеу көлемін жылына 1 миллион тоннаға дейін жеткізу – болашақта мультипликативтік нәтиже беретін тамаша мүмкіндік жобасы. Құны 34,9 млрд теңгені құрайтын жобаны «Балауса» фирмасы» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Алдын ала болжамға сүйенсек, кен орны толық қуатқа 2018 жылы көшеді, сондай-ақ 500 адамды тұрақты еңбекпен қамтиды», - деп атап өтті Әміреев.

 

BNews.kz