Сәрсенбі, 19 Сәуір 2017

Неміс инвесторлары Қазақстан Республикасы Жамбыл облысында алтын өндіру бойынша ірі жобаны іске қосуға әзір

«Аурум Дойчланд» компаниясының Жамбыл облысы Қордай ауданындағы алтын өндіру және тау-кен металлургия комбинаты (ТМК) құрылысы жобасы іске қосылу алдындағы кезеңге өтті. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында «Аурум Дойчландтың» бас директоры Йоганн Штоль мәлімдеді

Штоль мырзаның айтуына қарағанда, жоба идеясы 2012 жылы Германия канцлері Ангела Меркельмен келіссөз барысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың неміс инвесторларын қазақстандық жобаларға қаржы салуға шақыруынан кейін пайда болған. 2017 жылы жобаның бастапқы техникалық-экономикалық дәйектемесін аяқтау, 2019 жылы ТМК құрылысын іске қосу, ал 2020 жылы Астана аффинаж зауытына қайта өңдеуге жіберілетін Доре алтын-күміс құймасы түріндегі өнім шығаруды бастау жоспарланып отыр. ТМК-да үймелік сілтісіздендіру, ыдыста шаймалау және кенді флотациялық жолмен қайта өңдеу технологиялары қолданылатын болады. Жылына 5-6 тонна алтын және 100 тоннадан жоғары көлемде күміс алынады деп жоспарлануда, бұл «Аурум Дойчланд» компаниясына алтын өндіру бойынша Қазақстанда үшінші орынға шығып, металл нарығының 15%-на дейін қамтуға мүмкіндік береді.

 

ТМК-да 1200 жұмыс орны ашылады; болашақ өндіріс орнының негізгі кадрлық құрамын Қордай ауданының тұрғындары арасынан алу жоспарланып отыр;  жалақының орташа деңгейі 260 мың теңгені құрайды. Кадр дайындау үшін осы жылы аудандағы білім орындарында оқу бағдарламалары іске қосылады. Болашақта оқу базасын кеңейту жоспарда бар. 1,3 млрд теңге төңіректегі ауылдарды газбен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу және жаңа трассалар салу, әлеуметтік-мәдени тұрмыс нысандарын тұрғызу секілді аймақтың әлеуметтік тұрғыдағы дамуына жұмсалады. ТМК-ны іске қосу Қордай ауданындағы жергілікті бизнестің дамуына оң ықпалын тигізетін ірі факторға айналады.

 

«Неміс заңнамасы Германияда болсын, шетелде болсын, табиғатты қорғау мәселесіне өте қатал қарайды. Сондықтан жаңа ТМК-да сумен қамтамасыз етудің жабық жүйесі қолданылатын болады, яғни су сыртқа төгілмейді. Құбырлар мен құрал-жабдықтар толықтай герметизациядан өтеді. Аса тиімді шаң мен газ тұтқылары қойылған. Қазақстандық және германиялық ведомстволар, сонымен қатар неміс үкіметтік емес ұйымдары экологиялық бақылау жүргізетін болады», - деді Штоль мырза.

 

Жергілікті халықпен болған кездесу тұрғындардың көпшілігінің жобаға деген қызығушылығы бар екенін көрсетті. Алайда, Штоль мырзаның айтуына қарағанда, кей ауыл адамдары уран қоршаған ортаны ластауы мүмкін деп қауіптенеді екен. Аудандағы кейбір бақуатты жер иелері бұл мәселені одан әрі қоздырып, қайта-қайта көтеріп отыр. Бірақ мемлекеттік және тәуелсіз сарапшылар жүргізген анализдер «Аурум Дойчланд» кен орындарында ешқандай уран жоқ екенін көрсеткен. Мұндағы радиациялық орта аудан бойынша алғандағы орташа көрсеткіштен де төмен болып шықты. Йоганн Штоль түпкі көздеген мақсаттарының қандай екенін қарамастан жобаға қарсылық білдірушілердің халық пен аймақтық билікті инвесторлар қолдауынан бас тартуға мәжбүрлей алмайтындықтарына, сондай-ақ шетелдік инвестициялар тарту және Қазақстан Республикасында алтын өндірісін арттыру бойынша президент тапсырмаларын орындауға кедергі болу қолдарынан келмейтіндіктеріне сенімді екенін жеткізді.

 

Компания туралы ақпарат

 

«Aurum Deutschland» («Аурум Дойчланд») компаниясы 2015 жылы германиялық Aurum Deutschland AG тау-кен өндірісі компаниясының еншілес ұйымы ретінде құрылды. Жобаның негізгі инвесторы – граф Кристиан фон Штрахвитц. Жобаға тікелей түсетін неміс инвестицияларының көлемі 250 млн еуродан астам қаржыны құрайды. Жұмыс барысындағы жалпы алтын өндірісінің көлемі 100 тоннадан асуы керек, ресурс базасы ұлғайтылуы мүмкін. Жобаны жүзеге асыру мерзімі – 20-40 жыл. 2025 жылға дейінгі жергілікті бюджетке аударылатын салық төлемдерінің жоспарланып отырған көлемі – 7,3 млрд теңге, ал республикалық бюджетке 73 млрд теңге шамасында салық түседі.