Бейсенбі, 31 Шілде 2014

Қазақмыс 2014 жылдың алты айындағы және екінші тоқсанындағы өндірістік қызметін қорытындылады

2014 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша Қазақмыс Тобы 139 мың тонна катодты теңгерімдегі мыс өндірді. Жыл соңына қарай өндіріс көлемі жоспардағы 285-295 мың тонна ауқымында сақталады деп күтілуде. Екінші жарты жылдықта компания аяқталмаған өндірістен шығатын шикізаттың қосымша мөлшерін өңдеу есебінен өндіріс көлемін арттырмақ.

 

Есепті кезең ішінде өндірілген кен мөлшері 18,2 млн тоннаны құрады. Кен құрамындағы мыстың орташа көрсеткіші 1,02 пайыз.

 

2014 жылдың екінші тоқсанында меншікті шикізаттан мыс концентратын өндіру өндірілген кен көлемінің артуына байланысты бірінші тоқсанның (72,9 мың тоннамен салыстырғанда 79,6 мың тонна) көрсеткішінен 9%-ға артты. Мыс концентраты өндірісінің ұлғаюы Балқаш мыс балқыту зауытындағы аяқталмаған жұмыстар көлемінің өсуіне байланысты аса сезілмеді. Осылай, екінші тоқсанда катодты мыс өндірісінің көлемі 45,8 мың тоннаны құрады және оны 2014 жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткішпен салыстыруға болады.

 

Алты айдың ішінде Топ 62 мың тонна концентраттағы мырыш өндірді, ол өткен жылдың бірінші жарты жылдығындағы өндіріс көлеміне сәйкес келеді. Күміс өндірісі 5,2 млн. унцияны, ал алтын өндірісі 51 мың унцияны құрады.

 

2014 жылдың бірінші тоқсанында Шығыс дивизионда катодты теңгерімде 41 мың тонна мыс өндірілді. Шығыс дивизион кәсіпорындары мен Қырғызстандағы Бозымшақ кенішінің жылдық жоспарлы өндіріс көлемі шамамен 80 мың тоннаны құрайды.

 

Бұған дейін Топ Қырғызстандағы Бозымшақ кен орнындағы тау-кен кешенінде іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп жатқандығы туралы хабарлаған болатын. 2014 жылдың төртінші тоқсанында кеніште өнеркәсіптік өндіріс басталады деп күтілуде. Екінші тоқсанда жер бедерін аршу жұмыстарының нәтижесінде Бозымшақта 62 мың тонна кен өндірілді. 2014 жылғы маусым айының соңындағы жағдай бойынша онда 586 мың тонна кен қордаланған. Оның құрамында шамамен 6,0 мың тонна мыс пен 39,0 унция алтын бар. Бұл ауқым фабриканың ағымдағы жылдың соңына дейін өндірістік қуаттылығында жұмыс істеуіне жеткілікті болып табылады.

 

Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша, ішкі электрстанцияларда өндірілген электрқуатының таза мөлшері 2 562 Гвт-ты құрады. Ол 2013 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға кем. Бұған электрқуатын меншікті қажеттіліктер үшін тұтыну мөлшерінің азаюы және сыртқы нарықта гидроэлектрэнергия ұсыныстарының артуы әсер етті.

 

«2014 жылдың бірінші жартысында Топ қызметі қаражатты үнемдеп, өндіріс тиімділігін арттыру мақсатында ұтымды және тиімді өндіріске, өзіндік құны жоғары учаскелерде мыс өндірісін қысқартуға бағытталды. Таяуда біз Топты болжамды қайта ұйымдастыру шарасы туралы қосымша ақпарат жарияладық. Шара нәтижесінде біздің қызметіміздің сипаты айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Ол команияға стратегиялық мақсатымызға қол жеткізуге, яғни ашық карьерлердегі шығыны төмен өндіріс ауқымын ұлғайтуға мүмкіндік береді»,- деп мәлімдеді Қазақмыс Тобының Бас басқарушы директоры Олег Новачук.

 

____________________________________

РЕДАКТОРЛАРҒА АРНАЛҒАН ЕСКЕРТПЕЛЕР

Қазақмыс - табиғи ресурстарды өндіру және өңдеумен айналысатын халықаралық жетекші топ болып табылады. Қазақмыс - Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші және әлемдегі алдыңғы қатарлы мыс өндірушілердің бірі. Қазақмыстың 16 кеніші, 7 тау-кен фабрикаcы және 2 мыс балқытушы өндірістік кешені бар, қазір олардың бірінде қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Kazakhmys Mining бөлімшесі кен өндірумен және оны тауарлық металға өңдеумен айналысатын өндірістік нысандарды басқарады. 2013 жылы меншікті кеннен 294 мың тонна катодты теңгерімдегі мыс өндірілді. Топ екі негізгі өркендеу жобасын - Ақтоғай мен Бозшакөлді игеруде.

Kazakhmys Mining бөлімшесі басқа да металдардың ауқымды көлемін, соның ішінде мырыш, күміс және алтын өндіреді. 2013 жылы Қазақмыс 134 мың тонна мырыш концентратын өндірді. Топ әлемдегі ең ірі деген күміс өндірушілердің бірі - 2013 жылы 14 млн. унция күміс өндірді.

Kazakhmys Power бөлімшесінің Kazakhmys Mining бөлімшесін электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған және үшінші тарапқа сатумен айналысатын ішкі электрстанциялары бар. Ішкі электрстанциялардағы таза өндірілім 2013 жылы 5 723 ГВт құрады.

Қазақмыс Тобының құнды қағаздары Лондон қор биржасында, Гонконг қор биржасы мен Қазақстан қор биржасында айналымда. 2013 жылы Топтың ағымдағы қызметінен келген табысы 3,1 млрд. АҚШ долларын, ал Топтың EBITDA көрсеткіші 1,1 млрд. АҚШ долларын құрады. Топта шамамен 53 000 адам жұмыс істейді, басым бөлігі Қазақстан азаматтары.

 

 

Қазақмыс Тобын болжамды қайта құру туралы ақпарат


2014 жылдың ақпан айында Топ активтерінің тиімділігін арттыру мақсатында және ұзақ мерзімді табысты дамуы үшін ықтимал қайта ұйымдастырылу шарасы туралы жариялады.

2014 жылдың 23 шілдесінде Қазақмыс Қарағанды, Жезқазған мен Балқаштағы өндірістік алаңдардың кемел активтерін иелері Владимир Ким мен Эдуард Огай болып табылатын Cuprum Netherlands Holding B.V. компаниясына беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілгендігі туралы хабарлады. Келісім реттеуші органдар мен акционерлердің мақұлдауын қажет етеді. Аталған активтер өз қызметін жеке әрі жариялық емес компания ретінде жалғастыратын «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің құрамына кіреді.

Шығыс-Қазақстан облысындағы қолданыстағы төрт кеніш пен үш кен байыту фабрикасы, үш өркендеу жобасы – Бозшакөл, Ақтоғай мен Көксай, сондай-ақ Қырғызстандағы Бозымшақ кеніші жариялық компания құрамында қалады. Акционерлер мен реттеуші органдар мақұлдаған жағдайда жариялық компания өз атауын KAZ Minerals PLC деп өзгертеді.