Қазақмыс Тобы ҚР Үкіметімен Топқа қарасты тиімділігі төмен бірқатар кемел активтер үшін ПҚӨС (пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық) ставкаларын төмендету жайлы келісімге қол жеткізілгендігін хабарлайды. Төмендетілген ПҚӨС мөлшерлемесі Жезқазған кеніштерінде, Жыландының кен орындарында және Қоңырат кенішінде қолданылатын болады.
Төмендетілген ПҚӨС ставкасы қамтитын активтер Топты қайта ұйымдастыру аясында Қазақмыс Тобы құрамынан жеке компания құрамына шығарылуы мүмкін екі дивизионның құрамына кіреді. Бұл жөнінде 2014 жылдың 27 ақпанында хабарланған болатын. Кен құрамындағы металл мөлшерінің азаюы мен өндіру тиімділігінің төмендеуі аталмыш өндірістік активтерге айрықша ықпал етті. ПҚӨС-тың жаңа ставкалары 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданыста болады.
Металдардың қазірдегі бағасын ескерсек, мөлшерлемені төмендетуден келетін оң әсер 12 ай ішінде шамамен 40 млн. долларды құрайды.
Жезқазғанның кен орындарын тиімділігі төмен кен орындары санатына енгізу шаралары Қарағанды облысындағы Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған Кешенді жоспарына енгізілген және қолданыстағы Салық кодексінің нормаларына сәйкес келеді.
«Біз үкіметтің тиімділігі төмен кеніштерімізге ПҚӨС ставкасын төмендету жөніндегі шешімін құптаймыз. Металдар бағасының төмен кезеңінде бұл активтеріміздің қаржылық жағдайын жақсартуға, келешекте қосымша инвестициялар тартуға септігін тигізеді, ал бұл өз кезегінде кеніштердің қызмет ету мерзімін ұзартуға, сол аймақтардағы тұрғындарды еңбекпен қамтамасыз етуге, халықтың әл-аухатын қолдап отыруға көмектеседі», – деп мәлімдеді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Эдуард Огай.