Сейсенбі, 15 Сәуір 2014

Қазақмыс Көксай кен орнын сатып алды

Қазақмыс Тобы аффилирленбеген жеке CCC Mining Construction B.V. компаниясымен Алматы облысындағы Көксай кен орнын сатып алу туралы уағдаластыққа қол жеткізілгендігі туралы хабарлайды. Көксай компанияның үшінші өркендеу жобасы болмақ. Бұл туралы алғаш рет 2014 жылдың 27 ақпанында жарияланған еді. Мәміле үкіметпен және мемлекеттік реттеуші органдармен келісілуі тиіс.

 

Бұдан бұрын хабарлағанындай, келісімнің құны 260 млн АҚШ долларын құрайды, оның 65 млн АҚШ доллары кейінірек төленетін болады. 30 млн АҚШ доллары 2015 жылдың 1 қаңтарында төленеді. 35 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі екінші траншты кен орнындағы қорлар расталған кейін, 2015 жылдың 31 шілдесінде жүзеге асыру жоспарланған.

 

Көксай мыс кен орны Алматы қаласынан 234 шақырым жерде, инфрақұрылымы жақсы дамыған аймақта орналасқан. Кен орнының қоры құрамындағы мыстың орташа көрсеткіші 0,48 пайыз құрағанда 3,4 млн тонна мыс болады деп бағалануда. Сонымен қатар, кен құрамында алтын, күміс және молибден бар.

 

Жобаның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау кезеңі өтіп жатыр. Болжамдық бағалау бойынша, кенішті пайдалану мерзімі орташа жылдық өндірісінің мөлшері шамамен 80 мың тонна катодты мыс, 60 мың унция алтын, 400 мың тонна күміс пен 1 мың тонна концентраттағы молибден болған жағдайда 20 жылдан астам уақытты құрайды.

 

«Көксай кен орнын сатып алу – компания үшін қазіргі жобаларымыз Бозшакөл, Ақтоғаймен  қатар, Топтың ұзақмерзімді өркендеуін қамтамасыз ете алатын маңызды әрі келешегі зор қадам. Көксайды сатып алу Топтың пайдалану мерзімдері ұзақ болатын карьер түріндегі аз шығынды өндірістерді дамыту жөніндегі стратегиясына сәйкес келеді. Көксайды игеріп, іске қосу компанияның тартымдылығын арттырады және жаңа жұмыс орындарын ашылуын, жергілікті экономиканың өсімін қамтамасыз етеді»,- деп мәлімдеді Қазақмыс Тобының Бас басқарушы директоры Олег Новачук. 

 

Қазақмыс - мыс, алтын, мырыш, күміс, электр энергиясын өндіруде елеулі активтері бар, табиғи ресурстарды өндіру және өңдеумен айналысатын халықаралық жетекші топ болып табылады.

Қазақмыс - Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші және әлемдегі алдыңғы қатарлы мыс өндірушілердің бірі. Қазақмыстың 16 кеніші, 8 тау-кен фабрикаcы және 2 мыс балқытушы өндірістік кешені бар, қазір олардың бірінде қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Мыс өндірісі кен өндіруден бастап мыс катанкасын және катодты мыс түріндегі дайын өнім шығаруға дейін толықтай интеграцияланған. 2013 жылы меншікті кеннен 294 мың тонна катодты теңгерімдегі мыс өндірілді. Бұл өндіріс электр энергиясының ішкі тасымалдарымен және ауқымды теміржол инфрақұрылымымен қамтамасыз етілген.

Kazakhmys Mining бөлімшесі басқа да металдардың ауқымды көлемін, соның ішінде мырыш, күміс және алтын өндіреді. 2013 жылы Қазақмыс 134 мың тонна мырыш концентратын өндірді. Топ әлемдегі ең ірі деген күміс өндірушілердің бірі - 2013 жылы 14 млн. унция күміс өндірді.

Kazakhmys Power бөлімшесінің Kazakhmys Mining бөлімшесін электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған ішкі электрстанциялары бар. Ішкі электрстанциялардағы таза өндірілім 2013 жылы 5 723 ГВт құрады.

Қазақмыс Тобының құнды қағаздары Лондон қор биржасында, Гонконг қор биржасы мен Қазақстан қор биржасында айналымда. 2013 жылы Топтың ағымдағы қызметінен келген табысы 3,1 млрд. АҚШ долларын, ал Топтың EBITDA көрсеткіші 1,1 млрд. АҚШ долларын құрады. Топта шамамен 56 000 адам жұмыс істейді, басым бөлігі Қазақстан азаматтары. Қазақмыстың стратегиялық мақсаты – өндірістік активтерді оңтайландыру, өндірісті ұлғайту жөніндегі жобаларды іске асыру және де Орталық Азиядағы ауқымды табиғи ресурстарды игеру мүмкіншіліктерін кеңейтуге қатысу.

2014 жылдың ақпан айында Топ активтерінің тиімділігін арттыру мақсатында және ұзақ мерзімді табысты даму үшін ықтимал қайта ұйымдастыру шарасы туралы жариялады.