Сәрсенбі, 24 Қыркүйек 2014

Қазақмыс Ақтоғай кен орнында фабрика құрылысын жүргізу үшін мердігерді тағайындады

Қазақмыс Тобы Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай мыс кен орнында сульфидті кен өңдейтін кен байыту фабрикасының құрылысын жүргізу үшін Non Ferrous China (NFC) компаниясы мердігер ұйым ретінде тағайындалғанын хабарлайды. Фабриканың құрылысы – Ақтоғай жобасының капиталды шығындар құрылымындағы ең ірі деген баптардың бірі. Жоба бойынша капиталды шығындардың жалпы көлемі шамамен 2,3 млрд. АҚШ долларын құрайды.

 

NFC – Ақтоғай КБК құрылысына тартылған жалғыз шетелдік мердігер ұйым. Құрылыс жүргізу жұмыстарының негізгі көлемін, соның ішінде тотықты кен өңдеу кешенінің құрылысын, электр тарату желілерін тарту, темір жолдарды төсеу және қызмет көрсету, жер қазу, бетон құю және т.б. жұмыстарды қазақстандық компаниялар атқаруда. Жоба бойынша жұмыс істеп жатқан қазақстандық компаниялардың қызметкерлерінің жалпы саны, жақын елді-мекендердің тұрғындарын қоса алғанда мың адамнан асады.

 

«Non Ferrous China компаниясының кең ауқымды жобаларды жүзеге асыруда, соның ішінде Қазақстанда құрылыс жүргізуде тәжірибесі мол. Біз ынтымақтастық аясының кеңейетіне қуаныштымыз, ол бізге Ақтоғайдағы сульфидті кеннен алғашқы мыс өндіру ісін мерзімінде, яғни 2017 жылы жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді Қазақмыс Тобының Бас басқарушы директоры Олег Новачук.

_______

Қазақмыс - табиғи ресурстарды өндіру және өңдеумен айналысатын халықаралық жетекші топ болып табылады. Қазақмыс - Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші және әлемдегі алдыңғы қатарлы мыс өндірушілердің бірі. Қазақмыстың 16 кеніші, 7 тау-кен фабрикаcы және 2 мыс балқытушы өндірістік кешені бар, қазір олардың бірінде қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Kazakhmys Mining бөлімшесі кен өндірумен және оны тауарлық металға өңдеумен айналысатын өндірістік нысандарды басқарады. 2013 жылы меншікті кеннен 294 мың тонна катодты теңгерімдегі мыс өндірілді. Топ екі негізгі өркендеу жобасын - Ақтоғай мен Бозшакөлді игеруде.

 

Kazakhmys Mining бөлімшесі басқа да металдардың ауқымды көлемін, соның ішінде мырыш, күміс пен алтын өндіреді. 2013 жылы Қазақмыс 134 мың тонна мырыш концентратын өндірді. Топ әлемдегі ең ірі деген күміс өндірушілердің бірі - 2013 жылы 14 млн. унция күміс өндірді.

 

Kazakhmys Power бөлімшесінің Kazakhmys Mining бөлімшесін электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған және үшінші тарапқа сатумен айналысатын ішкі электрстанциялары бар. Ішкі электрстанциялардағы таза өндірілім 2013 жылы 5 723 ГВт құрады.

 

Қазақмыс Тобының құнды қағаздары Лондон қор биржасында, Гонконг қор биржасы мен Қазақстан қор биржасында айналымда. 2013 жылы Топтың ағымдағы қызметінен келген табысы 3,1 млрд. АҚШ долларын, ал Топтың EBITDA көрсеткіші 1,1 млрд. АҚШ долларын құрады. Топта шамамен 53 000 адам жұмыс істейді, басым бөлігі Қазақстан азаматтары.

 

Қазақмыс Тобын болжамды қайта құру туралы ақпарат

 

2014 жылдың ақпан айында Топ активтерінің тиімділігін арттыру мақсатында және ұзақ мерзімді табысты дамуы үшін ықтимал қайта ұйымдастырылу шарасы туралы жариялады.

 

2014 жылдың 23 шілдесінде Қазақмыс Қарағанды, Жезқазған мен Балқаштағы өндірістік алаңдардың кемел активтерін иелері Владимир Ким мен Эдуард Огай болып табылатын Cuprum Netherlands Holding B.V. компаниясына беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілгендігі туралы хабарлады. 15 тамызда Топты қайта ұйымдастыру шарасын акционерлер қолдады. Келісім реттеуші органдардың мақұлдауын қажет етеді. Аталған активтер өз қызметін жеке әрі жариялық емес компания ретінде жалғастыратын «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің құрамына кіреді.

 

Шығыс-Қазақстан облысындағы қолданыстағы төрт кеніш пен үш кен байыту фабрикасы, үш өркендеу жобасы – Бозшакөл, Ақтоғай мен Көксай, сондай-ақ Қырғызстандағы Бозымшақ кеніші жариялық компания құрамында қалады. Акционерлер мен реттеуші органдар мақұлдаған жағдайда жариялық компания өз атауын KAZ Minerals PLC деп өзгертеді. Реттеуші органдар бекіткен жағдайда қайта ұйымдастыру шарасы 2014 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

 

China Nonferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction Company Ltd (“Non Ferrous China”) - халықаралық тау-кен жобаларын игеруге қатысып жүрген компания. Ол 1997 жылдың сəуір айында Шэньчжэнь қор биржасында тіркелген. Компания Орталық Азияны қоса алғанда Азиядағы жəне Африка құрлығындағы түсті метталлургия саласындағы ірі жобаларға қатысып, мол тəжірибе жинақтаған.