Осы байқауға Ақтөбе ферроқорытпа зауытынан 6 жас мамандар қатысқан болатын. Іріктеу кезінде Ақтөбе облысынан үздіктердің үздігі ретінде деп үш жас маман танылған болатын соның екеуі Ақтөбе ферроқорытпа зауытынан №1 балқыту цехының өндіріс аға шебері Дияс Науразбаев пен №4 ЦҚБ құрылысты қадағалау бойынша инженері Александр Бурумбаев.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Білім және ғылым министрлігі жастар ісі жөніндегі жастар ісі жөніндегі комитетімен бірлесе отырып, жұмысшы жастар арасында «Еңбек адамы» республикалық байқау жариялаған болатын. Осы байқауға «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытының металлургтері де қалыс қалмады. Зауыттан 6 жас маман қатысқан болатын. Соның ішінде Дияс Науразбаев тау-кен металлургиясы, құрылыс саласы бойынша Александр Бурумбаевтың жұмыстары үздік деп танылып, Астанаға жол тартқан болатын. Астанада өткен қорытынды салтанатты жиналыста тау-кен металлургия саласы бойынша Дияс Науразбаев бас жүлдені жеңіп алды.
Қазақ ұлттық – техникалық университетінің түлегі Дияс Науразбаев өндірістегі еңбек жолын 2010 жылы №1 балқыту цехында балқытушы болып бастаған еді. Аз уақыт ішінде балқытушы мамандығының қыр-сырын жақсы меңгерген жас маман шебер, аға шебер еңбек белестерін бағындырып барлық компания көлемінде мәдени іс-шараларға белсене араласып келеді.
«Мен «Еңбек адамы» республикалық байқаудан бас жүлдені аламын деп ойлаған жоқпын. Біздің компанияда жас мамандардың білікті маман болып қалыптасуына, біліктілігін, еңбек белестерін көтеруге барлық жағдай жасалған. Компания басшылығы «Жастар – компанияның болашағы» деп есептейді. Металлургтер тек ғана жақсы еңбек етумен қатар жақсы демалып, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында барлық іс-шараларға белсене араласады. Бұл байқаудан да металлургтер қалыс қалмай өз үлестерін қосқанына өте қуаныштымын. Мен металлургтер әрдайым көш басында тұруы қажет деп есептеймін. Өйткені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та металлург мамандығының иегері ғой. Менде осы мамандықтың майталманы болғым келеді. Менің әкем Нағашыбай Науразбаев та бар ғұмырын металлургия саласымен тығыз байланыстырып, балқытушы мамандығының жілігін шағып, майын ішкен адам. Бала кезімде әкемнің металлург екендігін мақтанышпен айтып, мақтан тұтып мен де сондай болсам екен деп армандайтын едім. Енді, міне сол арманым орындалып қасиетті де, қадірменді металлург мандығының жай-жапсарын үйреніп, ізденудемін. Өз мамандығымды жақсы көремін, зауыт менің екінші үйім десем артық болмас. Өйткені зауыт маған әке жолын жалғастыруға мүмкіндік сыйлады, тіпті өмірлік жарым Салтанатты да осы өндірістен кездестірдім. Отбасыммен әке жолын жалғастырып келемін. Өндірістегі басты байлық ол –жұмыскерлер болып саналады. Сондықтан да өндірісте еңбек етіп жүрген жұмыскер қауіпсіздік техникасын сақтай отырып, табысты еңбек етуі тиіс. Осы жеңісімді Еуразиялық Топтың 20 жылдық мерейтойына арнаймын», - дейді Дияс Науразбаев.
Жарайсың Дияс! Жүлдең құтты болсын, металлургтер әрдайым осындай сы-сияпатқа, марапатқа лайық-ақ.