Өткен жылдың ақпан айында сульфидті кендерді өңдейтін Ақтоғай кен байыту фабрикасында алғашқы концентрат өндірілді; қазан айында кәсіпорын жобалық өндіріс деңгейіне жетті. 2017 жылдың соңында Бозшакөлдің өндірістік қуаты есептік деңгейге жақындады.
2018 жылы Топ 270-300 мың тонна мыс өндіруді көздеп отыр.
Топтың жалпы табысы 2017 жылы екі еселеніп, $1,938 млрд жетті (2016: $969 млн). Жалпы EBITDA 2016 жылдағы $492 млн-дан 2017 жылдағы $1,235 млрд-ға дейін 2,5 есе артты. Операциялық пайда көлемі $715 млн жетіп, үш есе артты (2016: $218 млн).
Өндірістік нәтижелер
2017 жылы KAZ Minerals Тобы 259 мың тонна мыс өндірді. Бұл бұған дейінгі жылдан 80%-ға артық. Алтынның өндірісі – 179 мың унция, күміс – 3,506 млн унция, концентраттағы мырыш – 58 мың тонна.
Компания өндірген кеннің көлемі – 64,8 млн тонна.
2017 жылы Бозшакөлде 101 мың тонна мыс өндірілді. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 111%-ға артық. Өндірілген алтынның көлемі - 119 мың унция. Ақтоғайда 90 мың тонна мыс өндірілді. Оның 65 мың тоннасы сульфидті кеннен алынса, 25 мың тоннасы оксидті кеннен өндірілген катодты мыс. Шығыс өңір мен Қырғызстандағы Бозымшақ КБК-де 67 мың тонна мыс шығарылды.
Қаржылық нәтижелер
KAZ Minerals Тобы 256 мың тонна мыс сатты (2016: 141 мың тонна). Сатылым көлемінің артуына Бозшакөл мен Ақтоғайдағы өндірістің артуы ықпал етті. Лондон металдар биржасындағы мыстың орташа бағасы 2017 жылы бір тоннасы үшін $6 163 құрады. Бұл 2016 жылдағы $4 860-дан 27%-ға қымбат.
2017 жылғы сатылымнан түскен жалпы табыс Топ бойынша $1,938 млрд құрады. Бұл 2016 жылға ($969 млн) қарағанда екі есе көп. Бұл өсім негізінен нығая түскен нарық жағдайындағы Бозшакөлдің ($439 млн) және Ақтоғайдың ($462 млн) арта түскен үлесінің арқасында іске асты. Шығыс өңір мен Бозымшақтың өнімін сатудан түскен жалпы табыс мыс, мырыш және күмістің қымбаттауының арқасында $68 млн-ға артты. Осылайша ол мыс пен мырыш өндірісіндегі төмендеудің орнын толтырды.
Топтың жалпы EBITDA көрсеткіші (ерекше баптарды ескермегенде) 151%-ға, яғни 2016 жылдағы $492 млн-дан 2017 жылдағы $1,235 млрд-ға дейін артты. Бұған сульфидті кендерді өңдейтін Бозшакөл кен байыту фабрикасы мен Ақтоғайдағы оксидті кендерді өңдейтін кешеннің жыл бойындағы толыққанды жұмысының, каолин балшығы бар кендерді өңдейтін Бозшакөл кен байыту фабрикасы мен сульфидті кендерді өңдейтін Ақтоғай кен байыту фабрикасын іске қосу, сондай-ақ, мыс пен мырыш бағасының қымбаттауы жағымды әсер етті. Жалпы EBITDA маржасы (ерекше баптарды ескермегенде) 2016 жылдағы 51%-дан 2017 жылдағы 64% дейін өсті. $1,038 млрд көлеміндегі EBITDA-ға (2016: $351 млн) жобалық өндіріске дейінгі кезеңдегі $197 млн EBITDA кірмейді.
Топтың операциялық табысы есептік кезеңде 228%-ға өсіп, $715 млн құрады. 2016 жылы бұл көрсеткіш $218 млн еді.
Топтың базалық пайдасы 2017 жылы $476 млн құрады. Базалық пайдаға негізделген бір акцияның табысы $1,07 құрап, 168%-ға өсті (2016: $0,40).
Жаңа кеніштердегі өндірістің артуы және өндірісті қолдау шығындарының аздығының нәтижесінде ақшалай қаражаттың еркін ағыны $452 млн дейін артты. Ол ақша ағындарының $512 млн-ға артуына алып келді (2016 жыл: $60 млн көлеміндегі теріс ақша ағыны).
KAZ Minerals-тың таза берешегі $2,669 млрд-дан (2016 жылдың соңында) $2,056 млрд (2017 жылдың соңында) дейін азайды. Бұған ақша қаражаттары тұрақты операциялық ағынының арқасында және өндірісті кеңейту күрделі шығындарының болжанған $300 млн-дан $196 млн-ға дейін азаюының арқасында қол жетіп отыр.
Топтың барлық кәсіпорындарының таза ақшалай өзіндік құны ақшалай шығындардың жаһандық қисық сызығының бірінші квартилінде белгіленді. Біріккен таза ақшалай өзіндік құн 2017 жылы 66 АҚШ центі/фунтты құрады.
Бозшакөлдегі 121 АҚШ центі/фунт көлеміндегі жалпы ақшалай өзіндік құн жоспарлы 115-135 АҚШ центі/фунт аралығына сәйкес келеді. Бәсекеге қабілетті таза ақшалай өзіндік құн 54 АҚШ центі/фунт. Оған алтын өндірісінің 2017 жылдағы жоғары қарқыны ықпал етті.
2017 жылы Ақтоғайдағы өндірісті арттыру жыл басында жоспарланған өндіріс көлемінен асуды қамтамасыз етіп, өнімнің бір данасына деген шығындарды азайтты. Бұл сульфидті және оксидті өндірістің жалпы ақшалай өзіндік құнын 100 АҚШ центі/фунт деңгейіне алып келді. Ол жоспарлы 110-130 АҚШ центі/фунт аралығынан төмен.
Шығыс өңір мен Бозымшақтағы жалпы ақшалай өзіндік құн 2017 жылы 9%-ға артып, 208 АҚШ центі/фунт деңгейіне жетті. 42 АҚШ центі/фунт көлеміндегі таза ақшалай өзіндік құн ілеспе өнімдердің тұрақты өндірісінің нәтижесінде қалыптасты (2016: 68 АҚШ центі/фунт).
2018 жылдағы күрделі шығындар
2018 жылы Ақтоғай жобасы бойынша өндірісті кеңейту күрделі шығындары $350 млн құрайды. Оның ішінде құрылыстағы бас мердігерге төленетін мерзімі шегерілген $300 млн мен оксидті кенді үймелі сілтісіздендіру панельдерінің соңғы кезеңін салу қаражаты бар. Сонымен қатар, 2018 жылы Ақтоғай КБК-нін кеңейту жобасы бойынша $200 млн көлеміндегі алғашқы шығындар қарастырылған.
2018 жылы Бозшакөл бойынша мердігерге соңғы төлемдерді төлеу үшін $40 млн күрделі шығындар жоспарланған.
Тағы $40 млн Шығыс өңір мен Бозымшаққа жұмсалады. Бұл қаржының дені Артемьев кен орнының екінші кезегін игеруге жұмсалады.
Сөйтіп, өндірісті кеңейтудің жалпы күрделі шығындары 2018 жылы $630 млн құрайды.
Өндірісті қолдау жөніндегі күрделі шығындар 2018 жылы Бозшакөлде шамамен $35 млн, Ақтоғайда $30 млн шамасында және Шығыс өңір мен Бозымшақ кенішінде $50 млн жуық болады деп жоспарланған.
Ақтоғай II
KAZ Minerals Тобы Бозшакөл мен Ақтоғайдың бірінші кезегін іске асыруға байланысты өркендеу кезеңін аяқтап қалды. Компания дамудың келесі сатысына өтуге дайындалып жатыр. 2017 жылдың желтоқсан айында Директорлар кеңесі құны $1,2 млрд болатын «Ақтоғай ІІ» жобасын бекітті. Аталмыш жоба Бозшакөл КБФ мен Ақтоғай КБФ ұқсас тағы бір кен байыту фабрикасын салу арқылы сульфидті кендерді қайта өңдеу қуатын екі еселеуге көмектеседі. Жоба 2022-2027 жылдар аралығында жыл сайын қосымша 80 мың тонна мыс және одан әрі жыл сайын 60 мың тонна өндіруге мүмкіндік береді. Өңдеу көлемі артатындықтан кеніштің пайдалану мерзімі 50 жылдан 28 жылға дейін қысқарады.
2018 жылдың өндірістік жоспары
2018 жылдың басына таяу Бозшакөлдің өндірістік қуаты есептік деңгейге жақындағандықтан және биыл Ақтоғай қуатының 100%-на жетуі жоспарланғандықтан Топтың мыс өндіру жоспарлы аралығы 2018 жылы 270-300 мың тонна деп белгіленді.
Бозшакөлде 95-105 мың тонна мыс өндіру жоспарланған. Ақтоғайдағы мыс өндірісінің көлемі 110-130 мың тонна аралығында болмақ. Оның ішінде 20-25 мың тонна оксидті кеннен өндірілген катодты мыс пен 90-105 мың тонна сульфидті кеннен өндірілетін мыс бар. Шығыс өңір мен Бозымшақ кенішіндегі мыс өндірісі 65 мың тонна шамасында болады деп жоспарланған.
Концентраттағы мырыштың 2018 жылдағы жоспарлы өндірістік көлемі - 60 мың тоннаның шамасында. Алтынның өндірісі 160-175 мың унция деңгейінде болады деп жоспарланып отыр. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда шамалы аз. Себебі, Бозшакөл мен Бозымшақтағы кеннің құрамындағы алтынның мөлшері төмендеді. Ал бұған дейін кендегі металдың мөлшері күтілген деңгейден жоғары еді. Күміс өндірудің жоспарланған көлемі - 3 млн унцияға жуық.
Бозшакөл мен Ақтоғайдағы өндірістің артуы және мыс нарығындағы жағымды өзгерістердің арқасында Топтың қаржылық жағдайы бойынша оң перспективаларға қарамастан компания бұл жобаларға айтарлықтай қаржы салды және жақын уақытта қарыз қаражаттың жеке капиталға деген қатынасы көрсеткішін төмендету басым бағыт болып қала береді. Директорлар кеңесі 2017 қаржылық жыл үшін дивиденд төлеуді ұсынбайды. Листинг басталғалы бері Топ акционерлерге $2,1 млрд төледі және болашақта дивидендтерді төлеу үшін қаржылық жағдайын, ақша ағындарын және өркендеу мүмкіндіктерін бағалауды жалғастырады.
KAZ Minerals Тобының басқарма төрағасы Эндрю Саузам былай деп мәлімдеді: «2017 жылы Топ өндірістің жоғары өсіміне және операциялық шығындардың төмен деңгейіне қол жеткізді. Бозшакөл мен Ақтоғайда өндіріс қарқынын арттырудың арқасында үлесімізде ірі ауқымды аз шығынды замануи кеніштер басым. Олар болашақта айтарлықтай ақша ағындарын шоғырландыруға мүмкіндік береді. Біз 2018 жылы өсімді жалғастырудың және Ақтоғайды кеңейтудің «іргетасын» қаладық. Осының арқасында артықшылықтарымызды іске асырудағы мүмкіндігіміз жақсы. Себебі, әлемдік нарықтағы ұсыныстың азаюы, сұраныстың артуымен қатар келеді».