18.08.2017
KAZ Minerals 2017 жылдың бірінші жартысындағы іс-қызметінің нәтижелерін жарияланды

KAZ Minerals Тобы 2017 жылдың алғашқы алты айындағы өндірістік іс-қызметінің қорытындылары мен қаржылық нәтижелерін жариялады

Өндірістік нәтижелер

 

Бұған дейін хабарланғандай, 2017 жылдың бірінші жартысында KAZ Minerals Тобы 118 мың тонна мыс[1] өндірді. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда (56 мың тонна) екі еседен астамға артық. Өндірістің өсіміне нарықтағы ұсыныстардың азаюы арқасында қол жетіп отыр.

 

Павлодар облысындағы Бозшакөл КБК-де бірінші жартыжылдықта 52 мың тонна мыс[2] өндірілді. Бұл 2016 жылдың алғашқы алты айымен салыстырғанда 5 есе көп. ШҚО-ғы Ақтоғай КБК-нің кәсіпорындарында 33 мың тонна мыс өндірілді. Оның ішіндегі 22,6 мың тонна мыс сульфидті кеннен, ал 10,4 мың тонна катодты мыс оксидті кеннен өндірілген. Шығыс өңір мен Қырғызстандағы Бозымшақ КБК-гі мыстың өндірісі 19% (2016 жылдың бірінші жартысы – 40,8 мың тонна) азайып, 33 мың тоннаға тең болды.

 

KAZ Minerals бірінші жартыжылдықта 32 мың тонна концентраттағы мырыш, 93 мың унция алтын2, 1,76 млн унция күміс2 өндірді.

 

Қаржылық нәтижелер

 

Өндіріс көлемінің артуы және шикізат бағасының өсімі сатылымнан түскен жалпы табыстың 2,3 есе артып, $837 млн (2016 жылдың бірінші жартысы: $363 млн) жетуіне алып келді. Жобалық өндіріске дейінгі кезеңдегі сатылымды есептемегенде сатылымнан түскен табыс $721 млн құрады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда (2016 жылдың бірінші жартысы: $302 млн) 139% артық. Сатылымнан түскен табыстың артуы мен төмен операциялық шығындардың арқасында жалпы EBITDA $505 млн (2016 жылдың бірінші жартысы: $147 млн) құрады. Жобалық өндіріске дейінгі кезеңдегі табыстары қарастырылмаған EBITDA көрсеткіші $429 млн (2016 жылдың бірінші жартысы: $115 млн) құрады. 2017 жылдың бірінші жартысында Лондон металдар биржасындағы мыстың бағасы тоннасына $5 748 болды. Ал 2016 жылдың мұндай кезеңінде баға тоннасына $4 701 шамасында болған.

 

Есептік кезеңдегі операциялық табыс $291 млн құрап, 2016 жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда $223 млн-ға артық болды.

 

Қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемені төлегенге дейінгі еркін ақша ағымы операциялық іс-қызметтен түскен қаражаттың артуы арқасында $269 млн дейін жетті. 2016 жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш $20 млн еді.

 

Топ бойынша бірінші жарты жылдағы таза ақшалай өзіндік құн – 64 АҚШ центі/фунт. Бұл көрсеткіш бойынша KAZ Minerals-тың шығыны аз әлемдік мыс өндірушілері қатарында.

 

Жоғары өнімділіктің арқасында өндірістің жоспарланған ақшалай өзіндік құны Бозшакөлде 115-135 АҚШ центі/фунт және Ақтоғайда 110-130 АҚШ центі/фунт дейін азайды. Шығыстүстімет пен Бозымшақ үшін бұл көрсеткіш те азайып, 205-225 АҚШ центі/фунт болып қайта қаралды.

 

Есептік кезеңде Топтың қаржылық жағдайы айтарлықтай жақсарды, жеке және қарыз қаражаттың ара қатынас көрсеткіші азайды. 2017 жылғы 30 шілдедегі мәлімет бойынша Топтың таза қарызы $2,44 млрд дейін азайды (2016 жылғы 31 желтоқсан: $2,67 млрд). Бұған операциялық іс-қызметтен түскен жоғары ақша ағымдары, азайған күрделі шығындар және өркендеу жобаларының құрылысы кезіндегі төленген $176 млн көлеміндегі қайтарылған қосымша құн салығы ықпал етті.

 

Маусым айының басында экспорт алдындағы несие желісі қайта қаржыландырылды, қарыз алу шегі $600 млн дейін ұлғайтылды. Бұл қолжетімді өтімді қаражат көлемін $1,56 млрд дейін арттырды. Оның ішінде $1,22 млрд ақшалай және ақша эквивалентіндегі қаражат, $340 млн игеруге қолжетімді қаражат бар.

 

2017 жылдың бірінші жартысында қарыздық міндеттемелер бойынша капиталға айналдырылған пайыздарды алып тастағандағы тікелей күрделі шығындар Бозшакөлде $49 млн құрады. Оның ішінде сульфидті кенге жету үшін каолин балшығы бар кенді қоймалауға кеткен $35 млн бар. Ақтоғайдағы күрделі шығындар $64 млн құрады.

 

2017 жылдың екінші жартысында Бозшакөл мен Ақтоғайдағы өндірісті қолдауға $25 млн жуық күрделі шығындар жұмсалады. Жалпы жыл бойынша Бозшакөл мен Ақтоғайдағы өндірісті кеңейтуге тиісінше $100 млн және $150 млн жұмсалады деп күтілуде.

 

Бірінші жарты жылда Шығыстүстімет пен Бозымшақтағы өндірісті қолдауға кеткен күрделі шығындар $23 млн құрады. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңімен шамалас. Өндірісті қолдауға кететін шығындардың жылдық көлемі $60 млн шамасында болмақ.

 

Сондай-ақ, 2017 жылы өзге жобаларға $20 млн жұмсалады деп күтіліп отыр. Оның $6 млн алғашқы алты айда Көксай кен орнындағы зерттеулерге және Қазақстанда мыс балқыту зауытын салудың техника-экономикалық негіздемесін зерттеуге инвестицияланды.

 

Бозшакөл мен Ақтоғайдағы өндірісті арттыру

 

Бозшакөлдегі өндірісті арттыру процессі кестеге сәйкес жүріп жатыр. Сульфидті кендерді қайта өңдейтін кен байыту фабрикасының өткізу мүмкіндігі екінші тоқсанда есептік қуаттың 93%-на жетті. Каолин балшығы бар кендерді қайта өңдейтін фабриканың өткізу мүмкіндігі – 69%. Бұған дейін хабарланғандай Бозшакөл есептік қуатына толықтай 2017 жылдың екінші жартысында жетеді деп жоспарланған.

 

Бозшакөлдің есептік қуатына жетуі барысында KAZ Minerals Тобы Ақтоғайдағы сульфидті кендерді қайта өңдейтін фабриканың өндірісін арттыруға баса назар аударып, ілгерілеуге қол жеткізуді көздеп отыр. Бірінші тоқсанның ортасында алғашқы өнімді шығарған сульфидті кендерді қайта өңдейтін фабриканың өткізу мүмкіндігі екінші тоқсанда есептік қуаттың 47%-на жетті. Фабрика жобалық деңгейіне жылдың екінші жартысында жетеді деп көзделген.

 

2017 жылдың өндірістік жоспары

 

Топ 2017 жылға жоспарланған 235-260 мың тонна мыс (бұрынғы болжам – 225-260 мың тонна) аралығына жетуге мүмкіндік беретін қарқынмен жұмыс істеп отыр.

 

Бозшакөлдегі жоспарланған жылдық өндіріс көлемі 100-110 мың тонна мыс болып өзгерді. Бұрынғы болжам – 95-110 мың тонна. Ақтоғайдағы жылдық өндіріс көлемі де өзгеріп, 70-85 мың тонна мыс болып белгіленді (бұрынғы жоспар – 65-85 мың тонна). Оның ішінде 20 мың тонна оксидті кеннен өндірілген катодты мыс бар.

 

Бірінші жарты жылдағы алтынның 93 мың унция көлеміндегі өндірісі 2017 жылдың басында бекітілген 135-170 мың унция көлеміндегі жоспарлы көрсеткіштерге қатысты айтарлықтай ілгерілеуді көрсетіп отыр. Шығыс өңір кәсіпорындары мен Бозымшақ кен орыны жылдық жоспарлы аралықтың (50-60 мың унция) жоғарғы шегіне Бозымшақтағы жоғары өндірістік көрсеткіштердің арқасында жетеді деп күтілуде. Бозшакөлде екінші жартыжылдықта концентраттағы алтын үлесінің азаюын есептегеннің өзінде жоспарлы көрсеткіштің жоғары шегіне жету ықтималдығы бар. Сондықтан Бозшакөлдегі алтынның өндірісіне қатысты жылдық жоспарлы аралық 100-110 мың унция болып өзгерді. Ал Топ бойынша алтын өндірісінің жылдық жоспарлы көрсеткіші 150-170 мың унция болып өзгерді.

 

2017 жылдың бірінші жартысында күмістің өндіріс көлемі жоспарлы межеден жоғары болды. Себебі Бозшакөл мен Ақтоғайдағы концентраттағы күмістің үлесі ақысы төленетін төменгі деңгейден жоғары болды. Шығыс өңірдің кәсіпорындары мен Бозымшақ кен орыны жылдық жоспарлы аралықтың жоғарғы шегіне (2,25-2,5 млн унция) жетеді деп күтілуде. Топ бойынша күмістің жылдық жоспарлы өндіріс көлемі 3,1-3,35 млн унцияны құрайды.

 

Концентраттағы мырыштың өндірісі 70-75 мың тонна көлемінде болады деп күтілуде.

 

KAZ Minerals Тобының басқарма төрағасы Олег Новачук былай деп мәлімдеді: «Мен екі өркендеу жобамыздың табысты іске асуы Топтың өндірістік және қаржылық нәтижелеріне ықпал еткеніне қуаныштымын. Біз мыстың өндірісін екі еселеп, әлемдегі төмен шығынды мыс өндірушілерінің қатарында қалдық. Жоғары көрсеткіштердің арқасында жеке және қарыз қаражаттың ара қатынас көрсеткіші төмендеді, таза қарызымыз азайды және жарты миллиардтан астам доллар көлеміндегі жалпы EBITDA қалыптасты. Шикізат тауарларының бағасы артып, мыс перспективалары жақсара түссе, біз Бозшакөлдегі өндірісті арттыруды биыл, ал Ақтоғайда 2018 жылы аяқтауға тырысамыз».



[1] Концентраттағы ақысы төленетін метал және Ақтоғайдағы оксидті кеннен өндірілген катодты мыс

[2] Концентраттағы ақысы төленетін метал

Актогай. Конвейер

Актогай. Листы катодной меди

Актогай. Фабрика по переработке сульфидной руды

Бозшаколь. Карьер

Бозшаколь. Фабрика по переработке сульфидной руды

Бозшакольский ГОК

 

Бозшаколь. Конвейер

Бозшаколь. Склад руды, конвейер