18.03.2017
Қазақстанның Премьер-министрі Ақтоғай тау-кен байыту кешенін аралады

Шығыс Қазақстанға жасаған іссапары аясында Қазақстан Республикасының премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Ақтоғай тау-кен байыту кешеніне барды. KAZ Minerals Тобының басқарма төрағасы Олег Новачук үкімет басшысына жаңа өндіріс туралы және посткеңестік аумақтағы ірі кеніштің соңғы жетістіктері жаялы баяндады.

 

Ақтоғай – ашық типтегі мыс кеніші. Ол Аягөз ауданындағы Ақтоғай кентінің маңында орналасқан және әлемдегі ең ірі мыс кен орындарының қатарына кіреді. Оның құрамында кеннің екі түрі бар – тотыққан және сульфидті кендер. Жобаның күрделі шығындары $2,1 млрд құрайды деп көзделген және ол Топтың тағы бір өркендеу жобасы – Павлодар облысындағы Бозшакөлге ұқсас.

 

Бақытжан Сағынтаев Ақтоғай карьерінде болып, мұндағы тау-кен жұмыстарының барысымен танысты. Кен өндіру жұмыстары 2015 жылдың екінші тоқсанында басталған. Сол уақыттан бастап 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін Ақтоғайда 19,1 млн тонна кен, оның ішінде 16,1 млн тонна 2016 жылы өндірілді. Сонымен қатар премьер-министр тазалығы 99,99% құрайтын катодты мыс өндіретін тотыққан кендерді қайта өңдеу кешенін және ақпан айында алғашқы тауарлы мыс концентратын өндірген сульфидті кендерді қайта өңдейтін кен байыту фабрикасын аралады.

 

2016 жылы Ақтоғайда катод эквивалентіндегі 18,1 мың тонна мыс (жалпы Топ бойынша – 140,3 мың тонна) өндірілді. 2017 жылы Ақтоғайда 20 мың тонна катодты мыс пен 45-65 мың тонна концентраттағы мыс өндіру жоспарланған.

 

KAZ Minerals басшысы Олег Новачук Ақтоғай тау-кен байыту кешеніндегі соңғы ілгерілеу туралы айтып берді. Тотыққан кенді қайта өңдейтін кешен коммерциялық өндіріс деңгейіне 2016 жылғы          1 шілдеде жетті. Сульфидті кендерді қайта өңдейтін кен байыту фабрикасындағы іске қосу-реттеу жұмыстары 2016 жылы 6 желтоқсанда басталды. Қазір мұнда жабдықтарды баптау жұмыстары жүріп жатыр. Ақтоғайдың табысты іске қосылуына Бозшакөл тау-кен байыту кешенін салу мен іске қосу кезіндегі жинақталған тәжірибе, қазақстандық және қызмет көрсету компанияларының арасында жұмыстарды бөлу жағымды ықпал етті. Шарықтау шегінде мұнда 40-қа жуық кәсіпорын жұмыс істеді.

 

Жоспар бойынша сульфидті кендерді қайта өңдейтін Ақтоғай кен байыту фабрикасы 2017 жылдың екінші жартысында өндірістің жобалық деңгейіне жетеді. Ақтоғайдағы тотыққан кендерден мыс өндіретін кешен бүгінгі күні қуатын 100% пайдаланып отыр.

 

Ақтоғайдағы өндірісті қолдау шығындары 2017 жылы $20 млн құрайды деп жоспарланған. Өндірісті кеңейтуге арналған күрделі шығындар $265 млн көлемінде көзделген. Бұл қаражат жобаның құрылысын аяқтауға жұмсалады.