15.02.2017
Ақтоғайда мыс концентратының өндірісі басталды

KAZ Minerals Тобы Ақтоғай кен байыту кешенінде 2017 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған сульфидті кеннен алғашқы тауарлы мыс концентратын өндіру басталды деп хабарлайды. Концентратты Ақтоғайдан жөнелту жақын уақытқа жоспарланған

Сульфидті кенді өңдейтін Ақтоғай кен байыту фабрикасы 2017 жылдың екінші жартысында жобалық өндіріс деңгейіне жетуі үшін қуатын арттыруды қазірден бастады. Ақтоғай КБК-нің биылғы жылдағы жоспарлы көрсеткіштері 2017 жылғы 23 ақпанда Топтың қаржылық нәтижелерімен бірге жарияланатын болады.

 

KAZ Minerals Тобының басқарма төрағасы Олег Новачук былай деп мәлімдеді: «Ақтоғай КБК-де сульфидті кеннен мыс концентратының өндірісі басталғаны туралы қуана хабарлаймын. Негізгі екі өркендеу жобамыз да қазіргі уақытта толығымен іске қосылды. Топ өндіріс өсімін сенімді түрде жалғастырып, 2018 жылы жылына 300 мың тонна мыс көлеміндегі көрсеткіштерге жету жолында келеді. Біздің өнімнің 80% ашық типтес азшығынды кеніштерден келіп түсетін болады».

 

Анықтама

 

Ақтоғайда тотыққан кеннен катодты мысты өндіру 2015 жылғы 1 желтоқсанда басталса, 2016 жылғы 6 желтоқсанда Топ сульфидті кенді өңдейтін кен байыту фабрикасында сынақ және әске қосу-реттеу жұмыстарын бастады. Сульфидті кенді қайта өңдеудің жылдық қуаты 25 млн тоннаны құрайды. Кен орнын пайдалану мерзімі - 50 жылдан астам. Кендегі мыс мөлшері 0,33% (сульфидті кен) және 0,37% (тотыққан кен). Өндіріс көлемі - алғашқы 10 жылда жыл сайын сульфидті кеннен өндірілетін 90 мың тонна катод эквивалентіндегі мысты және тотыққан кеннен өндірілетін 15 мың тонна катодты мысты құрайды. Ақтоғайдың жалпы бюджеті - $2,1 млрд.