07.11.2016
Парламентке жер қойнауы туралы Кодекстің жобасы енгізіледі - Жеңіс Қасымбек

2017 жылы Парламенттің қарауына Жер қойнауы туралы Кодекстің жобасы енгізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті

«Геологиялық барлауға инвестиция тарту үшін болашақта біз инвестициялық нарықта бәсекелесу мүмкіндігіне ие болып, қажетті тартымды жағдайды құруымыз қажет. Ол үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) белсенді ынтымақтасудамыз, осы ретте тиісті зерттеулерді жүргізудеміз. ЭЫДҰ талдауы назар аударатын ең өзекті проблемалық аймақтарды анықтады. Бұл проблема заңнамалық негізбен, нормативті-құқықтық базамен, геологиялық ақпараттың сапасымен және қолжетімділігімен, сондай-ақ басқа да өзекті мәселелермен байланысты. Аталған ұйым ұсыныстарын орындау мен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексті қабылдау Қазақстаннның инвестициялық тартымдылығын жақсартады»,-деді Ж. Қасымбек.

 

Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселелерді шешу үшін қолданыстағы заңнаманы реформалай отырып, жеке инвесторлар үшін тартымды жағдайды жасау қадамы ескеріліп отыр. Екіншіден, геологиялық барлау жұмыстарының ең бастапқы кезеңдерінде мемлекеттік қаржыландыруды арттыру, үшіншіден, соңғы буынды технологияларды пайдалану арқылы барлау жұмыстарының сапасын көтеру секілді шаралар қамтылып отыр.

 

Министрдің айтуынша, аталған Кодексті қабылдау Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы рейтингін арттыруға, өндіру көлемін 10-13 пайызға және ІЖӨ-нің 2-2,5 пайызға өсуін қамтамасыз етпек.

 

«Кодекс жобасын Мәжіліске 2017 жылдың маусымында енгізу жоспарланып отыр»,-деді Ж. Қасымбек.

 

Белгілі болғандай, заң жобасы 2018 жылдан күшіне енеді деп жоспарлануда.

 

ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ КОМИТЕТІ