20.05.2013
Ақбақай алтын алу фабрикасы биыл 2900 келі алтын өндіруді жоспарлап отыр

Ақбақай алтын алу фабрикасы кен өңдеу көлемін жыл соңына дейін 1 миллион тоннаға жеткізбек

Оны «Алтыналмас» алтын компаниясы» АҚ-ның Ақбақай филиалының директоры Марат Аусабаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің Жамбыл облысындағы баспасөз-туры кезінде кәсіпорының өндірістік қызметімен таныстыру барысында айтты.

Марат Қалиасқарұлының айтуынша, ақпанның 21-інде құрылғанына 20 жыл толған «Алтыналмас» алтын компаниясының дамуындағы негізгі кезең Ақбақай фабрикасының салынуы болып саналады. Ол техника мен технологияның соңғы жетістіктері бойынша салынды. Соның арқасында кәсіпорында алтын өндіру көлемі былтыр 4 есе өскен болатын. Биыл қазірдің өзінде ол желтоқсанмен салыстырғанда 70 пайызды құрауда. Жыл соңында ол 2 есеге жетеді деп жоспарлануда. 

«Бұған дейін жиналып қалған техногендік қалдықтармен жұмыс істеп келе жатқан фабриканы қазір толықтай кен өңдеуге ауыстыру мақсатында кеніштерде үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Соның нәтижесінде биыл  миллион тонна кен өңделіп, келесі жылдан бастап кеніштерден жылына тұрақты түрде миллион тонна кен шығарылып отырылатын болады. Бұл бағытта техника, технология және оған адамдарды дайындау мен  инфрақұрылымдарды дамыту жұмыстары кешенді түрде жүргізіліп жатыр» - дейді М.Аусабаев.

Компанияда вахталық ауысыммен жұмыс жасайтын 1300 адамның 230-ы Ақбақай ауылының тұрғындары. Өңірдегі бірден-бір өндіріс орны болғандықтан Ақбақайдың еңбекке жарамды азаматтарының бәрі бірдей жұмыс жасайды деуге болады. Индустрияландыру картасына енген бұл фабриканың шикізат базасында 10 тоннадан астам алтын қоры бар 6 кеніш бар. 2011 жылы 100 млн. доллардан астам инвестиция тартылып,  фабриканы қайта құру және жаңарту жұмыстары жүргізілген болатын. Бұл кен өңдеу көлемін жылына 200 мың тоннадан 1 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен онда 2011 жылы 20 мың унция, 2012 жылы 35 мың унция алтын өндірілді. 2015 жылдан бастап оның жылдық көлемі енді 120 мың унциядан аспақ.

ҚазАқпарат