17.05.2013
«Атамекен Форум» пікірталас клубында индустрияландырудың екінші бесжылдығын құру мәселесі талқыланды

ҮИИД мембағдарламасының екінші кезеңін құруға «Атамекен» мен бизнес-қауымдастықтан құрылған бірнеше жұмыс тобы жұмылдырылатын болды

1 маусымға дейін «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне оның құрамы мен саны туралы ұсыныстарын жасайтын болады. Мұндай шешім 15 мамырда өткен «Атамекен Форум» пікірталас клубының отырысы барысында қабылданды, деп хабарлайды ҚҰЭП баспасөз қызметі.

«Атамекен» Одағы» ҚҰЭП 1 маусымға дейін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне жұмыс топтарының саны мен құрамына қатысты ұсынысты тапсырады. Бүгін Премьер-министрдің орынбасары  -Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов, ҚР Президент әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі Дәулет Ерғожин, экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Марат Құсаиновтың қатысуымен өткен «Индустрияландырудың екінші бесжылдығын әзірлеудің негізгі жолдары (ҮИИДМБ-2)» тақырыбында өткен «Атамекен Форум» пікірталас клубының отырысында осындай шешім қабылданды», - делінген хабарламада.

 Іс-шараға даму институттарының, «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП және бизнес-қауымдастықтың өкілдері де қатысты.

 Пікірталаста Премьер-министрдің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов қатысушыларға форумның негізгі баяндамасын таныстырып, қатысушыларға өткен кезеңнің ҮИИД бағдарламасын жүзеге асырудағы негізгі көрсеткіштер туралы ақпараттармен бөлісіп, басты назарды шешілімін күтіп отырған күрделі мәселелерге аударды.

 Атап айтқанда, Әсет Исекешовтың мәліметінде, индустрияландырудың екінші кезеңін дайындаудағы қажеттілік: кәсіпкерлердің қаржыландыруға қол жеткізуін қамтамасыз ету; өндірістік күштерді орналастыру мәселелерін талқылау (қандай кластерлерді дамыту және оларды қайда орналастыру); өнеркәсіп саясатын құру (бизнесті қолдау инструменттерінің талдауын жасау); кадрлармен қамтамасыз ету мәселелерін шешу; инфрақұрылымды дамыту (көлік, логистика, АЭА және ИА).

 Бизнес-қауымдастық өкілдері өз алдына инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қажетті ұзақ мерзімді және қолжетімді қаржыландырудың болмауы ерекше әрі өзекті мәселе екенін атап өтті. Пікірталасқа қатысушылардың пікірінше, бұл мәселені ақша-несие саясаты шеңберінде шешу қажет.

 Кәсіпкерлер ҮИИДМБ екінші кезеңін сәтті жүзеге асыру үшін «Yellow pages» принципін тәжірибеде жүзеге асыруда мемлекеттің экономикаға қатысу шегін заңнамамен нақты анықтаудың қажеттілігін, БЭК және ДСҰ интеграциялық үрдістер аясында қолдануға ұйғарылған, оның ішінде қорғаудың тарифтік емес шараларын, техникалық реттеулер нормаларын, отандық тауар өндірушілерді қорғау инструменттерінің сапалы талдауын жүргізу қажеттілігін атап өтті.

 ҮИИДМБ-2 дайындауда мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастық мемлекеттің экономикалық саясатын ескере отырып және бизнестің дамуына оңтайлы жағдайлар жасай отырып, бірлесе жұмыс атқару керек деген ойды форум қатысушылары бірдей бөлісті.

 «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы Қазақстан дамуының басты кезеңі деп есептейміз. Мемлекеттік органдар, қаржылық институттар мен бизнес өкілдерінен құралған штаб құруды, ықпалды бизнесмендер басқаратын бірнеше жұмыс топтарын құруды ұсынамыз. Қазір біз бизнес-қауымдастықтан не қажет екендігін сұрағымыз келеді. Үкіметке бағдарлама жобасын алдағы күзде ұсыну үшін кездесулерді жиі ұйымдастыруға дайынбыз»,- деді Премьер-министрдің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов.

 Отырыс қорытындысы бойынша, «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңін әзірлейтін жұмыс топтарының саны мен құрамына қатысты ұсыныс тапсыратындығы туралы шешім қабылданды.

bnews.kz