27.02.2012
Жезқазған өңірін дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру қатаң бақылауда

Жезқазған өңірін дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру қатаң бақылауда

Өткен жылдың соңында ел Үкіметі Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық жағынан дамытудың 2012-2017 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдап, оны жүзеге асыру үшін мемлекет қазынасынан 130 миллиард теңге қаражат бөлінген болатын.

Қазір мұнда жұмыс қауырт. Өңірде жұмыс сапарымен болған Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов құрылыс жұмыстарының сапалы атқарылуы қатаң бақылауда болатынын айтты. Мұнда жұмыс 8 бағыт бойынша жүргізілмек. 1200 шақырымға созылған Жезқазған-Арқалық тас жолы жөнделіп, өткір тұрған ауыз су мәселесі шешіледі. Тұрғын үй, мектеп, балабақша, ауруханалардың құрылысы жанданып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы жаңғыртылмақ. Аймақта экотуризмді дамыту да көзделген. Қазір Жезқазған өңіріндегі 16 кеніште жылына 33 миллион тонна мыс өндіріледі. Шикізат ондаған кен байыту комбинатында өңделіп, дайын өнім ел нарығына, әрі экспортқа шығарылады. Биыл мұнда геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, жаңадан бірнеше кен орындарын ашу көзделіп отыр. Мамандар Жезқазған қойнауында әлі 80 жылға жететін кен қоры бар, - дейді. Сонымен қатар, өндіріске жаңа технологияны енгізіп, кеніштерді заманауи қондырғылармен жабдықтау мәселесі де қолға алынады.

Қабыл ӨМІРТАЕВ, КЕНШІ:
- Бұл техника бүгінгі күннің ең озық техникасына жатады. Ол кеншінің еңбек жағдайын жақсартып қана қоймай, сонымен қатар еліміздің техникалық, қайта жаңғырту, инновациялық, экономикалық жағынан дамыту жоспарын қамтиды десек те болады. Бұл туралы жақында ғана Елбасы халыққа Жолдауында атап өтті.

Агенство Хабар