14.12.2011
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысындағы күкірт қышқылы зауытын іске қосты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысындағы күкірт қышқылы зауытын іске қосты

Бүгін елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтіп жатқан Индустрияландыру күні шеңберінде онлайн режиміндегі телекөпір арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысындағы күкірт қышқылы зауытын іске қосты.

Қазақпарат агенттігінің хабарлауынша, облыс әкімі Болатбек Қуандықов айтып өткендей, аграрлы аймақтан индустриялы аймаққа айналған Сыр өңірі 5 трлн. теңгенің өнеркәсіп өнімдерін өндірген. Соңғы 10 жылда шағын бизнес субъектілері 7 есеге артқан. «Бүгін «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясы арқасында салынған күкірт қышқылы зауытын ашқалы отырмыз. Бұл ТМД-да баламасы жоқ зауыт, жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын шығаратын болады», - деді облыс әкімі.

Іске қосу барысында Президент қызылордалықтарды Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында жеткен жетістігімен құттықтады. «Бұл өңірдегі өндірістің барлық салаларындағы нысандармен таныспын. Қызылорда халқы сондай өндірістің арқасында жаңаша өсіп-өніп келе жатыр. Жаңа жұмыс орындары, жаңа нысандар бұның барлығы ел тәуелсіздігінің арқасы», - деп атап өтті Елбасы Н. Назарбаев.

Финансовый портал Казахстана