09.12.2011
Таразда алдағы үш жылда ҮИИД бағдарламасы шеңберінде 7 инвестициялық жоба іске қосылады

Таразда алдағы үш жылда ҮИИД бағдарламасы шеңберінде 7 инвестициялық жоба іске қосылады

 

Жамбыл облысында 2012-2014 жылдары жалпы құны 57,2 млрд теңгені құрайтын тағы да 7 инвестициялық жоба іске қосылады деп жоспарлануда, деп хабарлады «Bnews.kz» АА тілшісіне облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы.

«Келесі жылы жалпы құны 8,6 млрд теңгені құрайтын төрт жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Олар «Қазфосфат» ЖШС-нің күкірт қышқылы құрылысының цехы, «Куликов сүт өнімі» ЖШС-нің сүт зауыты құрылысы, «Мерке сүт» ЖШС-нің сүт және ірімшік өнімдерін қайта өңдеу, «Аян» ЖШС-нің кірпіш зауыты құрылысы жобалары», - деді мекемеде.

Одан басқа, басқарма мәліметі бойынша 2013 жылы «Қазфосфат» ЖШС-нің суспензиялы байыту фабрикасын қалпына келтіру құрылысы сияқты тағы бір инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Ал 2014 жылы жалпы құны 29,9 млрд теңге болатын екі жоба «Kaz-Ir-Agro» ЖШС (майлы дақылдарды өңдеу зауытының құрылысы) және «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС (ферроқорытпалар өндірісін және оның шикізат базасын кеңейту) іске қосылады.

«Сондай-ақ, өңірде тағы да осындай мемлекеттік бағдарламаларға енгізуге тұрарлық жаңа жобалар пайда болады деп сенеміз», - деді басқармада.

Bnews.kz