01.12.2011
2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік дамуы жөніндегі бағдарламаның өңірлердің өнеркәсібін дамыту

2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік дамуы жөніндегі бағдарламаның өңірлердің өнеркәсібін дамыту

 

2011 жылғы 30 қарашада Астана қаласында, «Transport Tower» ғимаратында Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ-мен бірлесе отырып, «2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік дамуы жөніндегі бағдарламаның өңірлердің өнеркәсібін дамытуға арналған әсері (аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асырудың бірінші жылының қорытындылары)» тақырыбында конференция өткізді.

Конференцияның мақсаты – өңірлерді дамытуға ҮИИМДБ, сондай-ақ, аумақтарды дамытуға қабылданған бағдарламалардың (индустрияландыру бөлігінде) әсерін бағалау, оларды дамытудың оң және теріс үдерістерін анықтау.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар, Экономикалық даму және сауда министрліктерінің, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің, барлық өңірлердің жергілікті атқарушы органдарының, «NADLoG» АҚ-ның, сондай-ақ, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-ның, «Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы» ЖМ-нің өкілдері қатысты.

ҮИИМДБ және аумақтарды дамытудың қабылданған бағдарламаларын іске асыру жалпы алғанда Қазақстанның, сондай-ақ, өңірлердің де дамуына елеулі әсер етеді.

Мәселен, өткен жылдардың төмендеуінен кейін 2010 жылдан бастап ҮИИМДБ басталғаннан бері Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіптің тұрақты өсуі байқалды және алғаш рет оның өсу қарқыны тау-кен өндіру өнеркәсібінің қарқынынан басым түсті. 2010 жылы тау-кен өндіру саласында өткен жылға қарағанда өсу қарқыны 5,4%, өңдеуші өнеркәсіпте – 18,4% құрады. 2011 жылы бұл үдеріс сақталуда.

Сондай-ақ, іс жүзінде Қазақстанның барлық өңірлерінде өнеркәсіптік өндіріс, оның ішінде, өңдеуші өнеркәсіп өсуде. Өнеркәсіптік өндірістің неғұрлым өсуі Астана қаласында, Жамбыл және Ақмола облыстарында байқалады. 2011 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіптің көлемі барлық өңірлерде өсті. Өңдеуші өнеркәсіптің неғұрлым өсуі Астане қаласында, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында байқалды.

Өңірлердің көпшілігінде ЖӨӨ-дегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесінің тұрақты өсуі байқалды. Орташа республикалықтан жоғары деңгей (12,4%) Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында қалыптасты.

Конференция бағдарламасы 2011 жылдың 10 айы үшін ҮИИМДБ іске асыру шеңберінде өнеркәсіптің даму нәтижелерін, индустриялық-инновациялық даму көрсеткіштеріне қол жеткізуді талдау және мониторинг қорытындыларын қарастыруды қамтыды.

Конференция шеңберінде аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асырудың бірінші жылының индустриялық-инновациялық даму көрсеткіштерінің мониторингі, ҮИИМДБ іске асыру жөніндегі өңірлермен өзара іс-қимылдың жаңа нысандарының, өңірлер бөлігінде ҮИИМДБ, салалық бағдарламаларды, аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асыру жөніндегі сатистикалық ақпаратты қамтамасыз ету нәтижелері бойынша мәселелер талқыланды.

«Қазақстандық индустрия дамыту институты» акционерлік қоғамы индустриялық дамудың мемлекеттік саясатын ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету мақсатында жарғылық капиталында мемлекеттің жүз пайыздық қатысуымен «Қазақстандық индустрия дамыту институты» акционерлік қоғамын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 3 маусымдағы № 508 қаулысына сәйкес құрылған.

Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгi