01.12.2011
Өнеркәсіп саласындағы 2010-2014 жылдарға арналған ҚР Үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік даму бағдарламасының нысаналы индикаторларына мониторинг жүргізу

Өнеркәсіп саласындағы 2010-2014 жылдарға арналған ҚР Үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік даму бағдарламасының нысаналы индикаторларына мониторинг жүргізу

 

2011 жылғы 28 қарашада Астана қ., «Transport Tower» ғимаратында «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ-ы Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен «Өнеркәсіп саласындағы 2010-2014 жылдарға арналған ҚР Үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік даму бағдарламасының нысаналы индикаторларына мониторинг жүргізу (іске асырудың 2 жылының қорытындылары)» тақырыбында конференция өткізді.

Конференцияның мақсаты – өнеркәсіп саласындағы ҮИИМДБ іске асыруды бағалау, олардың дамуындағы оң және теріс үдерістерді анықтау, мемлекеттік бағдарламаның нысаналы индикаторларына тиімді мониторинг жүргізу және түзету жөніндегі практикалық ұсынымдарды әзірлеу.

Конференция жұмысына Экономикалық даму және сауда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ауыл шаруашылығы, Мұнай және газ министрліктерінің, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің, сондай-ақ, «KAZNEX INVEST» АҚ-ы, «NADLoG» АҚ-ы, «Ұлттық инновациялық қоры» АҚ-ы, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-ы, «Қолданбалы экономиканы зерттеулер орталығы» ЖМ-і сияқты мемлекеттік даму институттары мен ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты.

ҮИИМДБ іске асыру Қазақстан өнеркәсібінің өңдеуші салаларын дамытуда елеулі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Өткен жылдардың төмендеуінен кейін 2010 жылдан бері ҮИИМДБ басталғаннан соң өңдеуші өнеркәсіптің тұрақты өсуі байқалды және оның өсу қарқыны алғаш рет тау-кен өндіру өнеркәсібінің қарқынынан аса бастады. Мәселен, 2010 жылы өткен жылға қарағанда тау-кен өндіру саласының өсуі 5,4%, өңдеуші өнеркәсіптің өсуі 18,4% құрады. 2011 жылы бұл үрдіс сақталуда. 2011 жылдың 10 айы үшін өткен жылдың осындай кезеңіне тау-кен өндіру саласындағы өсу қарқыны - 1,9%, өңдеуші өнеркәсіп өндірісіндегі өсу қарқыны 6,9%, оның ішінде, химия өнеркәсібінде - 22,8%, машина жасауда - 19,1%, металлургияда - 7,6% құрады.

ІЖӨ құрылымындағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 2009 жылғы 10,5%-дан 2011 жылдың 9 айы үшін 13% дейін өсті.

Конференция бағдарламасы 2011 жылдың 10 айы үшін ҮИИМДБ іске асыру шеңберінде өнеркәсіптің салаларын дамыту нәтижелерін, нысаналы индикаторларға қол жеткізуді талдау және оның мониторингінің қорытындыларын қарастырды.

Конференция шеңберінде өнеркәсіптің өңдеуші салаларын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру әсерінің мәселелері, осы салаларда белгіленген нысаналы көрсеткіштердің 2 жыл мониторингінің нәтижелері, бизнесті қолдау, оның ішінде, қазақстандық қамтуды ұлғайту, индустриялық-инновациялық дамудағы экспортты қолдау жөніндегі шаралардың әсері талқыланды. Сондай-ақ, бағдарламаны іске асыру мониторингін әдістемелік қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды. Бұдан өзге, конференция қатысушылары өнеркәсіптің салаларын дамытуды ескере отырып, оны түзету мәселелерін қарастырды.

«Қазақстандық индустрия дамыту институты» акционерлік қоғамы индустриялық дамудың мемлекеттік саясатын ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету мақсатында жарғылық капиталында мемлекеттің жүз пайыздық қатысуымен «Қазақстандық индустрия дамыту институты» акционерлік қоғамын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 3 маусымдағы № 508 қаулысына сәйкес құрылған.

Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгi