30.11.2011
«Майкөбе-Вест» ЖШС көмір өндіруді жылына 6 млн тоннаға жеткізбек

«Майкөбе-Вест» ЖШС көмір өндіруді жылына 6 млн тоннаға жеткізбек

«Майкөбе-Вест» ЖШС 2012 жылы көмір өндіру көрсеткішін жылына 6 млн тоннаға жеткізбек. Бұл жөнінде «BNews.kz» АА тілшісіне серіктестіктің бас директоры Қ. Макадылов мәлімдеді.

«2010 жылы біз 5,3 млн тонна көмір өндірген болатынбыз. Ал 2012 жылы бұл көрсеткішті 6 млн тоннаға жеткізуді жоспарлар отырмыз»,- деді Қайрат Мақадылов.

Бас директордың мәліметіне қарағанда, көмір өндіруді арттыруға байланысты кәсіпорында жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2011 жылы компания тоғыз «БелАЗ» жүк түсіру көлігін, 2 көмір тасымалдау машинасын алған. 2012 жылы да жаңа техникалар сатып алынып, қазіргілер күрделі жөндеуден өтеді. Ол үшін 1,5 млрд теңге қарастырылған.

«Майкөбе-Вест» ЖШС Павлодар облысының Баянауыл ауданында Майкөбе разрезінде өнім өндіреді. Кеніштен шыққан өнімді Қазақстан мен Ресейдің жылу электр стансалары, өндіріс орындары, бюджеттік мекемелер мен жеке тұтынушылар пайдаланады.

www.bnews.kz/