25.04.2011
ЖЕМІСТІ ЖЕТІСТІКТЕР

ЖЕМІСТІ ЖЕТІСТІКТЕР

Елбасының алға қойған басты мақсаттарының бірі – еліміздің алдағы онжылдықта экономикалық өрлеуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Астана қаласындағы ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі ғимаратында осы министрліктің Өнеркәсіп комитетіне қарасты республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тұсаукесері болды. Бұл шараны ұйымдастырған министрліктің құрылымдық бөлімшесі - Өнеркәсіп комитеті.

Тұсаукесерге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты және «Жезқазғансирекмет», «Қазақстан Республикасының минералдық шикізаттарын кешенді өңдеу жөніндегі ұлттық орталық», «Инфекцияға қарсы препараттардың ғылыми орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорындары мен «KAZNEX INVEST» Экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі АҚ-ның өкілдері қатысты. Тұсаукесерде «Жезқазғансирекмет» РМК-ның минералдық шикізаттарды өңдеу, аммоний перренатын, рений қышқылдарын, металл ренийлерін, құрамында осмий бар қалдықтарды қайта жасаудың химиялық және металлургиялық әдістерінің қызмет түрлеріне, қауіпті жүктерді тасымалдау құқығына және басқа да қызмет түрлеріне лицензия алғандығы туралы айтылды. 2007 жылдан осы уақытқа дейін үш халықаралық және үш қазақстандық «Сапа менеджменті жүйелері» сертификатының иегері болған Жезқазғансирекмет бірнеше мәрте конкурстарға қатысып, Женева, Оксфорд және Бельгияда жоғары сапа үшін алтын медальдармен марапатталған.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта «KAZNEX INVEST» Экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі АҚ-ның атқарып отырған қызметі орасан. Бұл ұлттық агенттік экспорт және инвестицияларға жәрдемдесу жөніндегі шетелдік агенттіктердің үлгісінде құрылған. «KAZNEX INVEST» АҚ қызметінің негізгі бағыттары экспортқа сервистік қолдау көрсету, экспортты қаржылық қолдау (экспорттық гранттар), ҚР инвестициялық жобаларына инвесторларды іздестіру және инвесторларды ілестіру болып табылады. 2009-2010 жылдары агенттіктің жәрдемімен қазақстанның өңделген өнімдерін шетелге жеткізу үшін жалпы сомасы 340 млн. АҚШ долларына экспорттық келісімшарттар бекітілген. Оның ішінде  Үнді, Иран, Тәжікістан, Түркменістан, Өзбекстан, Ауғанстан, Белорусь, Ресей, Германия, Польша, Швейцария және Қытай елдері бар. Ал экспортталған өнімдер түрі сан алуан болып келеді, нақты айтқанда мұнай-газ және металлургиялық машина жасау, электр жабдықтары, құрылыс материалдары, медицина аппараттары, азық-түлік және ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп тауарлары т.б.

Тұсаукесерде «Қазақстан Республикасының минералдық шикізаттарын кешенді өңдеу жөніндегі ұлттық орталық» РМК өз жұмысына тоқтала кетті. Аталған кәсіпорын Қазақстанның өнеркәсіп өндірістерінің бәсекеге қабілеттілігін және технологиялық деңгейін арттыруды қамтамасыз ететін инновациялық технологияларды құру, игеру және ендіру арқылы минералды шикізаттық және тау-кен металлургия кешендерін жүйелі шешуді жүзеге асырады. Бүгінгі күні кәсіпорынның орталық аппаратында 10 ғылыми-зерттеу зертханалары, оның ішінде аттестацияланған физикалық-талдау зертханасы, тәжірибелік-экспериментальды кешен, жобалау-конструкциялық бөлім бар. Құрамында осмий, рений бар қорғасын кектерін, күріш қауыздарын термиялық өңдеу, қоқыс өңдеу кешендерін салу («АЛТЫН ТЕТ» ЖШС) және басқа да технологияларды ендірді. Минералдық шикізаттарды кешенді өңдеу орталығы Украинаның «Укрсплав» АҚБ, «Техсервис» АҚБ-мен және Ресейдің «Медногорск мысты-күкірт комбинаты» ААҚ, Мәскеу қаласының «Химия технологиясының ғылыми-зерттеу жетекші институты» ААҚ, Қытайдың «Xinjiang Ana Commercial & Trade Co., Ltd» және т.б. халықаралық ынтымақтастықта жұмыс істеуде.

Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың бірі – «Инфекцияға қарсы препараттар ғылыми орталығы». Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен 2004 жылы ғылыми-техникалық бағдарлама бекітіліп, осы кәсіпорын құрылған. Бұл кәсіпорын жаңа үлгідегі ғылыми-зерттеу, ғылыми-сынамалау, ғылыми-өндірістік ұйым болып табылады, оның негізінде инфекцияға қарсы жаңа дәрілік құралдарды жасау, оларды теориялық болжау  және химия саласында ғылыми зерттеулер сатысынан бастап дәрілердің клиникалық сынақтары үшін оның тәжірибелі өндірісіне дейін жүзеге асырылады. Қазақстанда алғаш рет жаңа отандық инфекцияға қарсы ФС-1 дәрілік құралды әзірледі. Халықаралық GLP, GCP, GCLP және GMP стандарттарының ережелеріне сәйкес оның тұжырымдамасынан бастап клиникаға дейінгі зерттеулерін және клиникалық зерттеулерін жүргізген. Іс-шара барысында республикалық мемлекеттік кәсіпорындар осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктері туралы ой бөлісті және өздерінің жаңа өнімдерінің көрмелерін ұйымдастырып, ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының сұрақтарына жауап берді. Жиналған қауымның басты мақсаты отандық өнеркәсіпті дамыту, шикізат өнімдерін экспорттау және оларды тиімді әрі ұтымды пайдалану жолдарын қарастыру болып табылады.

Өнеркәсіп комитеті