19.04.2011
2010 жылы Челябі құбыр шығару зауытынан елімізге 1383,8 тонна өнім жеткізілген

2010 жылы Челябі құбыр шығару зауытынан елімізге 1383,8 тонна өнім жеткізілген

Қазақстандық бір топ БАҚ өкілдері 15-16 сәуір күндері Челябі құбыр шығару зауытында болып, оның тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

Сонау Кеңес өкіметі тұсында Өзбекстан мен Түрікменстанның газын Қазақстан аумағы арқылы Ресейге жеткізіп, одан Еуропаға шығару желісін жасау жобасы құрылып, осы елдердің атсалысуымен үлкен жұмыс атқарылады. Міне осындай үлкен желіні үлкен диаметрлі құбырмен қамтамысыз ету үшін Челябі құбыр шығару зауыты құрылған.

1956 жылдың мамыр айында аталған зауыт 720 мм диаметрдегі алғашқы өнімін өндіре бастайды, ал 1960 жылы сұраныстағы 1020-1220 мм диаметрлі құбырларды өндіреді. Ол уақытта мұндай өнімдер тек ГФР-ден сатып алынып отырған.

Қазіргі таңда бұл зауыт соңғы үлгідегі құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген, әрі жоғары сұрыптағы, сапалы өнім шығаруда әлем бойынша жетекші өндіріс орнына айналған.

«Қазіргі уақытта Қазақстан біздің ең ірі тұтынушымыз әрі серіктесіміздің бірі. Өйткені біз ол елге шығаратын өніміміздің барлық түрін жеткізудеміз. 2010 жылы қазақстандықтардың сұранысына қарай 1383,8 тонна өнім жеткіздік. Сондықтан Қазақстан Орталық Азия мен ТМД елдері арасындағы біздің сенімді  серіктесіміз», -дейді Техника басқару бөлімінің директоры Валентин Тазетдинов.

Сонымен қатар ол алдағы уақытта да Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты нығайта түсу үшін сапалы, әрі соңғы үлгідегі өнімдерді жеткізіп тұруға құлықты екендіктерін жеткізді.

Сондай-ақ сәуірдің 22 күні Алматыда Орталық Азия елдері арқылы Ресейге жеткізілген газ құбырының тартылғанына 50 жыл толуына орай халықаралық конференция өтетіндігі айтылды.

ҚазАқпарат