30.03.2011
Биыл Қазақстанда өндірілетін уранның көлемі 20 мың тоннаға жетуі ықтимал - С. Қожахметов

Биыл Қазақстанда өндірілетін уранның көлемі 20 мың тоннаға жетуі ықтимал - С. Қожахметов

Бүгін Астанада өтіп жатқан Бірінші Қазақстандық Халықаралық Өнеркәсіптік Инновациялық Форум шеңберінде ұйымдастырылған «Қазақстандағы атом саласының жағдайы және оның даму перспективалары» атты халықаралық конференцияда «Жоғары технологиялар институты» ЖШС-нің Бас директоры Серік Қожахметов осылай мәлім етті.

«Былтыр елімізде 17 мың 700 тоннадан астам уран өндірілген болатын. Биылғы жоспарда уран өндіру көлемі 20 мың тоннаға жететін болады. Менің ойымша, атом энергетикасындағы уран нарығы Жапония апатына байланысты болмайды. Оның үстіне атом энергиясының орнын басатын энергия көздері жоқ. Сол себептен барлық мемлекеттердің атом энергиясына қатысты жоспарлары еш өзгеріссіз қалады», - деді С. Қожахметов.  Оның айтуынша, жоспарға сәйкес, 2020 жылға қарай Қазақстандағы уран өндірісі 25 мың тоннаға дейін жететін болады. «Алайда, қажеттілік пен нарықтың сұранысы болатын болса, біз бұл көрсеткішті одан да ұлғайта аламыз», - деді ол.

ҚазАқпарат