30.03.2011
Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бағдарламасы аясында Қазақстанда атом стансасын салу көзделген

Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бағдарламасы аясында Қазақстанда атом стансасын салу көзделген

Бүгін Үкімет үйінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша Қазақстан мен Ресейдің бірлескен кешенді бағдарламасы рәсімделді.

Аталған құжатқа Қазақстан тарапынан ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов, ал Ресейдің тарапынан  «РосАтомПром» мемлекеттік корпорациясының Бас директоры  Сергей Кириенко қол қойды.

«РосАтомПромның» басшысы атап көрсеткендей, бұл құжат - атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша қолға алынған кешенді бағдарламаның екінші кезеңі. Сондықтан осы құжат аясында екі елдің тығыз ынтымақтастық байланыстарын әрі қарай дамыту көзделіп отыр. «Осы уақытқа дейін біз Қазақстан елінде табиғи уранды геологиялық зерттеу және өндіру бойынша бірқатар кәсіпорындарды құрсақ, Ресейде табиғи уранды байытудың халықаралық орталығын аштық. Қазіргі кезде Ангарск қаласында орналасқан бұл орталықта әлем бойынша теңдесі жоқ төмен байытылған уранның мол қоры құрылды. Бүгінде осы іспетті қорды АҚШ елі де құруға мүдделі»,-деді С. Кириенко.

Оның сөзіне қарағанда, бүгін қол қойылған кешенді бағдарлама аясында Қазақстан жерінде салынатын атом стансасының жобасы мен оның техникалық негіздемесін әзірлеу қарастырылған. «Бірақ, бұл жоба экономикалық жағынан қажет болған жағдайда ғана қолға алынатын болады. Қазіргі кезде біз Қазақстанға осы жоба бойынша қажетті барлық құжаттарды тапсырдық. Сондықтан атом стансасын салу бойынша оң шешім қабылданған жағдайда бұл ең қауіпсіз жоба болмақ»,-деді С. Кириенко.

ҚазАқпарат