18.02.2011
Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі бастаған үкіметтік жұмыс тобы Қарағанды облысында болды. ҚазАқпарат

Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі бастаған үкіметтік жұмыс тобы Қарағанды облысында болды.   ҚазАқпарат

Топ мүшелері елдің Индустрияландыру картасы бағдарламасы аясында инвестициялық бағдарламалар жүзеге асырылып жатқан бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарды аралады. Одан кейін А.Рау Үдемелі индустриялық инновациялық даму жөніндегі аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысына қатысты.

Сонымен қатар Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі облыс әкімдігінде 2010-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы жылының қорытындысына арналған кеңейтілген отырыс өткізді. Даму институттарының өкілдері жиналған кәсіпорын басшыларына жаңа бизнесті қолдау тетіктері жайлы айтып өтті. «Өнімділік-2020» бағдарламасы таныстырылды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз қазір барлық аймақтарды аралап жүрміз. Бізді бірінші кезекте былтырғы жылы елдің Индустрияландыру картасы аясында пайдалануға берілген жобалардың қазіргі жағдайы қызықтырады. Сондай-ақ біз басқа да жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысатын боламыз. Сапарлардың тағы бір мақсаты - бизнесті қолдаудың жаңа құралдары туралы сөз қозғау», - деді журналистерге берген сұхбатында А.Рау.

«Қарағанды облысында бүгінгі таңда Индустрияландыру картасына жалпы құны 213 млрд. теңге болатын 23 инвестициялық жоба енгізілген, сол арқылы жаңадан 3 607 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр», - деді ҮИИД жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Ерболат Каргин.

ҚазАқпарат