Четверг, 03 Апрель 2014

Қазақмыс Екібастұз ГРЭС-1 станциясының 50 пайыздық үлесін сатуды аяқтағанын хабарлайды

Қазақмыс Тобы Екібастұз ГРЭС-1 станциясының 50 пайыздық үлесін сату туралы «Самұрық-Энерго» АҚ-мен арадағы келісімнің аяқталғандығы жөнінде және 1,25 млрд АҚШ доллары мөлшерінде қаражат алынғандығы туралы хабарлайды.

 

Екібастұз ГРЭС-1 – Қазақстандағы көмірмен жұмыс істейтін ең ірі электрстанция. Онда станцияның өнімділігін жобалық қуаттылығына, 4000 МВт-қа жеткізуге мүмкіндік беретін модернизациялау бағдарламасы қолға алынған. Сатып алған кезде станцияның өнімділігі 2500 МВт-ты құраған. Ал қазіргі уақытта электрстанцияның қуаттылығы 3000 МВт-ты құрайды.

 

Қазақмыс Тобы ЕГРЭС-1 станциясын 2008 жылы 1,26 млрд АҚШ долларына сатып алды. 2010 жылы компания 50 пайыздық үлесін Самұрық-Қазына қорына 681 млн АҚШ долларына сатты. Кейінірек, Самұрық-Қазына ҰӘҚ өзінің үлесін еншілес компаниясы «Самұрық-Энерго» АҚ-на тапсырды.

 

«Біз мәміленің аяқталғандығы туралы қуана хабарлаймыз. Біз станцияны қалпына келтіру ісінде Қазақмыстың атқарған рөлін мақтан тұтамыз. Ондағы үлесіміз инвесторларымыз үшін қосымша мүмкіндіктер берді. ЕГРЭС-1 станциясындағы үлесті сату компанияның балансын нығайтады әрі профильдік мыс өндірісіне және жоспарлы қайта ұйымдастыру ісіне баса назар аударуға мүмкіндік береді», - деп мәлімдеді Қазақмыс Тобының Басқарушы бас директоры Олег Новачук.