Понедельник, 11 Апрель 2016

Павлодар облысының әкімі Kaz Minerals тобының Бозшакөл МЫС кенішінде болды

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов KAZ Minerals Тобының Бозшакөл мыс кенішінде болды. Жобаның қазіргі жағдайы, Бозшакөл кен байыту кешенінің өндірістік нәтижелері мен жоспарлары туралы аймақ басшысына «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС директоры Джереми Аллен айтып берді.

 

Павлодар облысында (Төртқұдық ауылының маңында) орналасқан Бозшакөл мыс кен орыны – әлемдегі игерілмеген ірі кен орындардың бірі және Қазақстанның индустриаландыру картасының нысаны. Пайдалану мерзімі – 40 жылдан астам. Кеніштің құрылысы 2012 жылы басталды. Бұл жылдардағы ауқымды жобаны салу барысында Бозшакөлде қатаң кесте сақталып келді.  Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жазық даланың ортасында заманауи тау-кен кешенін салу үшін құрылыс үздіксіз жалғасты.

 

Бозшакөлде пайдаланылатын техника Қазақстанда сирек кездеседі. Олардың арасында жүк көтеру мүмкіндігі 140 тонна жүк көліктеріне кен тиейтін, шөмішінің көлемі 22 текше метр,  электргидравликалық экскаваторлар бар. Сонымен қатар, жобада әлемдегі ең ірі конустық үгіткіштер және көлемі бойынша әлемде екінші орын алатын жартылай өздігінен ұсақтайтын диірмен, әлемдегі ең ірі редукторсыз жетегі бар екі шар диірмені пайдаланылады.

 

2015 жылдың желтоқсан айында кен байыту фабрикасында іске-қосу реттеу жұмыстары басталған. 2016 жылдың ақпан айында Бозшакөлдегі алғашқы мыс концентраты өндірілді. Қазіргі уақытта Бозшакөл алғашқы коммерциялық жөнелтуге дайындалуда.

 

Коммерциялық өндіру сатысына 2016 жылдың барысында қол жетеді. Толық өндірістік қуатқа жету 2017 жылға жоспарланған. Толық қуатына жеткенде кәсіпорын күніне 20 вагон мыс концентратын өндіретін болады деп жоспарланған.

 

Жоспарға сәйкес 2016 жылы Бозшакөл КБК катодты эквивалентегі 45-65 мың тонна мыс және құйма эквиваленттегі 50-70 мың унция алтын өндірмек. Кен орынның арқасында KAZ Minerals Тобының қазіргі өндіріс көлемінің екі есе артуына сәйкес келетін өсім қамтамасыз етілмек. Алғашқы он жылда Бозшакөл Топтың өндіріс көлеміне жыл сайын катодты эквивалентегі 100 мың тонна мыс пен 120 мың унция алтын қоспақ.

 

Дайын өнім Қытайға экспортталады. Компания концентратты Қазақстан аумағында өндіру мәселесімен де айналысып жатыр. Себебі қолданыстағы мыс балқыту өндірістері бозшакөлдік концентраттың құрамында күкірт үлесінің көп болуына байланысты мыс балқытуға жарамайды.

 

2015 жылғы 31 желтоқсандағы мәліметке сәйкес құрылыс барысында күрделі шығындар $1,88 млрд. құраған, ал 2016 жылғы шығындар $270 млн болмақ. Сөйтіп, қорытынды күрделі шығындар $2,15 млрд құрайды. Ол бұған дейін жоспарланған сомадан $50 млн аз.

.