Четверг, 09 Июнь 2016

ШҚО әкімі Николаев кен байыту фабрикасына барды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов KAZ Minerals Тобының «Шығыстүстімет» ЖШС Николаев кен байыту фабрикасына барды. Аталмыш кәсіпорында өндірісті жаңғырту бағдарламасы аяқталуға жақын. Өңір басшысына атқарылған жұмыстар туралы «Шығыстүстімет» ЖШС басқарма төрағасы Ильсур Даутов хабарлады. 2012 жылдан бастап жаңғырту жобасының құны $90 млн құрады

Жаңғыртудың арқасында кәсіпорынның кенді қайта өңдеу қуаты 1,8 млн тоннадан 2,2 млн тонна кенге дейін артты. Жаңғырту жұмыстарынан кейін мыс, мырыш және қорғасынды концентраттарға кеннен бөліп алу арта түседі деп жоспарланған. Мысты бөліп алу коэффициенті 82%-дан 89%-ға дейін артты. Осының арқасында өндіріс қалдықтарының үлесі де төмендей түседі.

 

Жаңғыртудың аясында ұсату, флотация, реагенттерді дайындау бөлімдерінде және дозалау алаңында жөндеу жұмыстары жүріп, жабдықтар ауыстырылды. Қолданыстағы диірмендер, сорғы-гидроциклонды қондырғылар, технологиялық жабдықтар, құбырлар, құбырлардың тіреулері, флотомашиналарға арналған бағаналар мен арқалықтар жаңартылды. Сонымен қатар атқарылған жұмыстардың аясында сүзгілеу бөлімінде бұрыңғы кептіру барабандарының орнына пресс-сүзгілер орнатылды.  Бұл шаң-тозаңды азайтып, өндіріске экологиялық жағынан жағымды болады. Қорғасын концентратының технологиялық жүйесі мен оған арналған жеке қойма салынды. Фабрикаға тиесілі аумақта абаттандыру жүріп жатыр.

 

Николаев кен байыту фабрикасы Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында орналасқан. Фабрика 1980 жылы пайдалануға берілген. Артемьев және Юбилейный-Снегирихин кеніштерінің кенін қайта өңдейді.