Среда, 30 Апрель 2014

Қазақмыс 2014 жылдың бірінші тоқсанындағы өндірістік қызметінің нәтижесін жариялайды

2014 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақмыс Тобы катодты теңгерімде 69,5 мың тонна мыс өндірді. Өткен жылдың осындай кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда шамалы төмендеу байқалады, бұл өзіндік құны жоғары учаскелердегі мыс өндіру көлемінің азаюына байланысты. Осы жыл ішінде өндіріс көлемі артады деп күтілуде, бұл 2014 жылы жоспарлы 285-295 мың тонна катодты теңгерімдегі мыс өндіруге мүмкіндік береді.

 

Есепті кезең ішінде өндірілген кен мөлшері 8,6 млн тоннаны құрады, кен құрамындағы мыстың орташа көрсеткіші – 1,03%.

 

Концентраттағы мырыш, күміс пен алтын секілді ілеспе өнімдерді өндіру де жылдық жоспарға сай жүзеге асырылуда. Үш айдың ішінде 31,7 мың тонна концентраттағы мырыш өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың бірінші тоқсанындағы өндіріс көлеміне сәйкес келеді. Күміс өндірісі 2,8 млн. унцияны, ал алтын өндірісі 28,2 мың унцияны құрады (өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға артық).

 

Топ үш айдың ішінде 69,9 мың тонна катодты теңгерімдегі мыс өткізді.

 

2014 жылдың 31 наурызындағы жағдай бойынша Топтың таза берешегі 996 млн АҚШ долларын құрады.

 

Бұған дейін Топ Екібастұз ГРЭС-1 станциясындағы 50 пайыздық үлесін сату жөніндегі мәміленің аяқталғандығы туралы хабарлаған болатын. Оның нәтижесінде ақшалай қаражат түсімдері 1,25 млрд. АҚШ долларын құрады. Топ аффилирленбеген CCC Mining Construction B.V. жеке компаниясымен Алматы облысындағы Көксай кен орнын 260 млн АҚШ долларына сатып алу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Көксай – компанияның үшінші өркендеу жобасы болмақ.

 

Қазіргі уақытта Қырғызстандағы Бозымчак алтын-мыс кен орнындағы кен байыту кешенінде іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілуде. 2013 жылдың соңындағы жағдай бойынша онда құрамында 4,9 мың тонна мыс пен 32 мың унция алтыны бар 471 мың тонна кен қордаланған.

 

«Жыл басында Топ тұрақты көрсеткіштерді көрсетіп отыр. Яғни, өндірістік жоспарлардың орындалғанын нық сеніммен айтуға болады. Компания басшылығы бұрынғыдай оңтайлы әрі тиімді өндіріске, соның ішінде өзіндік құны жоғары учаскелерде мыс өндіруді қысқартуға ден қойып отыр. Компания бұған дейін жарияланған қайта ұйымдастыру жұмыстарын табысты жүзеге асыруда және оның алғашқы нәтижесін жылдың екінші жартысында жариялайды»,- деп мәлімдеді Қазақмыс Тобының Бас басқарушы директоры Олег Новачук.