Бейсенбі, 29 Қаңтар 2015

KAZ Minerals тобы 2014 жылғы өндірістік қызметін қорытындылады

2014 жылы KAZ Minerals Тобы 83,5 мың тонна катодты мыс өндіріп, 80-85 мың тонна көлеміндегі жоспарлы көрсеткіштің жоғарғы деңгейіне қол жеткізді. Салыстырып қарайтын болсақ, 2013 жылы Топ құрамына кіретін кәсіпорындар 76,8 мың тонна катодты мыс өндірген болатын. Шығыс Қазақстан облысындағы Николаев кен байыту фабрикасында жүргізілген модернизациялау бағдарламасының нәтижесінде, мысты айырып алу коэффициентінің 82-ден 88 пайызға дейін өсуінің арқасында 9 пайыздық өсім байқалады.

 

2014 жылдың төртінші тоқсанында Топ 24,1 мың тонна катодты мыс өндірді. Концентраттағы мыс өндірісі көлемінің артуымен қатар үшінші тоқсанда қордаланған, аяқталмаған өндіріс көлемін қайта өңдеудің арқасында бұл көрсеткіш үшінші тоқсандағы көрсеткіштен 32 пайызға артық.

 

Қырғызстандағы Бозымшақ кенішінде өндірілген 426 мың тоннаны қоса алғанда, есепті кезеңде 4,6 млн тонна кен өндірілді. 2014 жылы Топ бойынша кен құрамындағы мыстың орташа көрсеткіші 2,35 пайызды құрады.

 

12 ай ішінде концентраттағы мырыш өндірісінің көлемі болжамды көрсіткештен асып түсіп, 121 мың тоннаны құрады. 2014 жылы күміс өндірісі жоспарлы көрсеткішке, яғни 3,4 млн унцияға сәйкес келеді. Есепті кезеңде 34,6 мың унция алтын өндірілді.

 

Топтың 2014 жылғы қаржылық нәтижелері 2015 жылдың 26 ақпанында жарияланады.

 

«Төртінші тоқсанда Шығыс Қазақстандағы кәсіпорындарымыз катодты мыс өндірісі бойынша тұрақты нәтижелерге қол жеткізді. Бұл бізге болжамды көрсеткіштердің жоғарғы деңгейіне жетіп, жылды табысты аяқтауға мүмкіндік берді. Төртінші тоқсанның есебі алғаш рет

Қырғызстандағы Бозымшақ кенішінің өндірістік көрсеткіштерін қамтып отыр. Желтоқсан айында аталмыш кеніштен Балқаш мыс қорыту зауытына мыс концентратының алғашқы партиясы жөнелтілген болатын. Келесі айда біз қызметіміздің қаржылық нәтижелерін жариялап, Бозшакөл мен Ақтоғай кеніштерінің құрылысындағы ілгерілеу жайлы хабардар етеміз», - деп мәлімдеді KAZ Minerals Тобының Басқарма төрағасы Олег Новачук.

___________________________

КAZ Minerals – Қазақстанда заманауи, азшығынды тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған өсу әлеуеті зор мыс өндіруші компания. Компания - Қазақстандағы жетекші мыс өндірушілердің бірі. Компанияның қолданыстағы 5 кеніші мен 4 кен байыту фабрикаcы бар. 2014 жылғы ағымдағы қызметі барысында 84 мың тонна катодты мыс өндірілді.

 

Сондай-ақ, KAZ Minerals ілеспе өнім ретінде мырыш, күміс пен алтынның ауқымды көлемін өндіреді. 2014 жылы 121 мың тонна концентраттағы мырыш, 3,4 млн. унция күміс пен 35 мың унция алтын өндірілді.

 

Топ екі негізгі өркендеу жобасын – Бозшакөл мен Ақтоғай жобаларын жүзеге асыруда. Үшінші жоба – Көксай жобасының тұжырымдамасы дайындалуда. Аталмыш өркендеу жобалары осы саладағы ең қарқынды даму көрсеткіштерін қамтамасыз етіп, KAZ Minerals-ты қорының басым бөлігі әлемдік деңгейдегі ашық түрдегі кеніштерден тұратын компанияға айналдырмақ.

 

KAZ Minerals PLC компаниясының құнды қағаздары Лондон, Гонконг пен Қазақстан қор биржаларында айналымда. Топта шамамен 10 000 адам жұмыс істейді, басым бөлігі Қазақстан азаматтары.

 

Топтың қайта ұйымдастырылуы

2014 жылдың қазан айында Топты қайта ұйымдастыру шарасы аяқталды. Нәтижесінде Қарағанды, Жезқазған мен Балқаштағы өндірістік алаңдардың кәсіпорындары жеке компания болып табылатын Cuprum Holding компаниясына өтті.

 

Жариялық компания атауы KAZ Minerals PLC деп өзгерді. Шығыс-Қазақстан облысындағы өндірістік активтер, Қырғызстандағы Бозымшақ кеніші, үш өркендеу жобасы – Бозшакөл, Ақтоғай мен Көксай жариялық компания құрамына кіреді.