Четверг, 09 Июль 2015

Баспасөз-баяны Қазатомөнеркәсіп Үндістанға 5 мың тонна уран жеткізіп береді

2015 жылғы 8 шілдеде Астанада, Үндістан Республикасының Премьер-министрі Нарендра Модидің Қазақстанға ресми сапары шеңберінде, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Үндістанның Атом энергиясы жөніндегі департаменті қазақстандық уранды Үнді еліне жеткізу туралы келісімге қол қойды. 

 

Ресми құжатқа Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев пен Үндістан Премьер-министрі Н. Модидің қатысуымен өткен іскерлік кездесу барысында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев пен Үндістан үкіметінің Атом энергиясы жөніндегі департаментінің сатып алулар және материалдық қор басқармасының басшысы Анил Шривастава (Anil Shrivastava) қолдарын қойды. 

 

Аталған келісімшарт 2015 жылдан бастап 2019 жылдың соңына дейін әрекет етеді. Бес жыл бойы ұлттық атом компаниясы Үндістанға 5000 тонна табиғи уран жеткізіп беретін болады. Келісім шарттарына сәйкес, оның құны нарықтық механизмге тәуелді болады.

 

Қазақстан Үнді еліне уран таситын негізгі жеткізіп берушілердің бірі болып табылады. Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы екіжақты әріптестік 2009 жылдан бастау алады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндістанға ресми сапары аясында тараптар табиғи уран жеткізіп беру туралы келіскен болатын. 2011-2014 жылдары «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Nuclear Power Corporation of India (NPCIL) арасында уран жеткізіп беру жөніндегі келісімшарт жұмыс істеп, ол 2014 жылғы желтоқсанда аяқталды.

 

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Қазатомөнеркәсіп сондай-ақ, Қазақстанда жаңартылатын энергетиканы дамыту бағдарламасының белсенді қатысушысы. Бүгінгі таңда компанияда 27 000-нан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.

www.kazatomprom.kz