02.05.2013
Елімізде бос жұмыс орындарының едәуір саны өнеркәсіп саласында қалыптасып отыр – Статистика

Елімізде бос жұмыс орындарының едәуір саны өнеркәсіп саласында қалыптасып отыр – Статистика

Ағымдағы жылы кейбір кәсіптер мен лауазымдарға сұранысты бағалау үшін қызметтердің кәсіптік топтары, экономикалық қызмет түрлері, өңірлер бөлінісінде бос жұмыс орындары және кадрларға қажеттілікті  анықтау мақсатында ҚР Статистика агенттігі 2013 жылдан бастап «Ірі және орта кәсіпорындардағы кадрларға қажеттілігі және саны туралы есеп» нысаны бойынша статистикалық байқауды енгізді. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметінен хабарланды.

Осы байқаудың нәтижелері бойынша 2013 жылғы 1 қаңтарға зерттелген кәсіпорындардағы қызметкерлердің тізімдік саны 2 807,1 мың адамды, бос жұмыс орындар саны 25 748 бірлікті құрады. Қызметкерлердің тізімдік санындағы бос жұмыс орындардың үлесі 0,9% құрады. Бос орындардың басым көпшілігі «біліктілік деңгейі жоғары мамандар» қызметтің кәсіпкерлік тобы бойынша белгіленген. Бұл 6 641 бірлікті құрап, бос жұмыс орындарының жалпы санынан олардың үлесі 25,8 пайызына тең болып отыр. Бұдан бөлек, «ірі және шағын өнеркәсіп кәсіпорындарының, құрылыстың, көліктің, байланыстың, геологияның және жер қойнауын барлаудың білікті қызметкерлері» тобы бойынша бос орындар саны 4 026 бірлікті, «біліктілік деңгейі орта мамандар» - 3 938 бірлікті, «біліктілігі жоқ жұмысшылар» - 3 882 бірлікті құрады.

«Экономикалық қызмет түрлері бөлінісінде бос жұмыс орындарының едәуір көп саны өнеркәсіпте - 7 070 бірлік, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер саласында - 4 365 бірлік болып отыр. Ал керісінше олардың ең аз саны ауыл, орман және балық шаруашылығында - 582 бірлікке қалыптасқан. Өнеркәсіпте (9 897 адам), құрылыста (5 278 адам), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер саласында (3 041 адам) кадрларға едәуір көп тапшылық белгіленді. Қызметкерлерге күтілетін қажеттіліктегі олардың үлесі 60,7% құрады», делінген баспасөз хабарламасында.

inform.kz