18.04.2013
«Тау-Кен Алтын» АҚ-ы алтын өндіруші компаниялармен меморандумға қол қойды

«Тау-Кен Алтын» АҚ-ы алтын өндіруші компаниялармен меморандумға қол қойды

 

Бүгін «Аффинаж зауытының құрылысы мен оның болашағы» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында  «Тау-кен Алтын» АҚ алтын өндіруші компаниялармен құрамында бағалы металдар бар шикізатты өңдеп, жеткізуді көздейтін меморандумға қол қойды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Қазіргі уақытта «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы Елбасының тапсырмасы бойынша инвестициялық-стратегиялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Астанада салынып жатқан аффинаж (металдарды қоспаларынан ажырату және бөлектеу жолымен өте таза асыл металдар алудың металлургиялық процесі – редакция түсіндірмесі) зауыты жылына 25 тонна алтын және 50 тонна күміс өндіреді деп күтілуде. Алғашқы өнім биылғы жылдың желтоқсан айында шығарылады, деп жоспарланып отыр.

«Елбасының  2011 жылы берген тапсырмасына сай, Қазақстандағы үшінші аффинаж зауыты салынып жатыр. Өкінішке қарай, қазір өзіміздің ресурстық базамызды әлі де жақсартуымыз керек. Тоғыз кен орнының бесеуі бойынша жұмыс басталды. Қор үлкен емес, 100 тонна мөлшерінде. Бүгінде біз барлық алтын өндіруші компаниялармен белсенді жұмыс жасап жатырмыз. Ресурстық базамызды толықтыру үшін жаңа қайнар іздеудеміз. Бүгінгі кездесуде осы мәселелерді талқылап, шешу жолдарын қарастыру үшін жиналып отырмыз. Біз өзара тиімді негізде әріптестік орнатуға әзірміз», - деп атап өтті «Тау-Кен Самұрық» АҚ-ның басқарма төрағасы Мәжит Тұрмағамбетов.

Меморандум аясында «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауытында шикізатты өңдеуге қолайлы бағаны қамтамасыз етеді, ал алтын өндіруші компанияларға құрамында бағалы металл бар шикізатты уақытында жеткізу міндеттеледі.

Аффинаж зауыты болса өңделетін шикізаттың құрамын анықтайтын қазіргі заманғы зертханамен жабдықталады.