05.04.2013
Отандық шағын және орта бизнес өкілдері бәсекеге қабілетті нысандарға айналуда

Отандық шағын және орта бизнес өкілдері бәсекеге қабілетті нысандарға айналуда

 

Былтырдан бері «Қазцинк» өзіне қажетті тауардың басым бөлігін жергілікті өнім өндірушілерден сатып алып келеді. Және уақыт өткен сайын тауар түрінің қатары тек артуда.

Олардың арасында арнайы киім, азық-түлік, шахта мен цех қондырғылары да бар. Металлургия саласындағы алпауыт компанияның осындай қолдауы арқасында оның төңірегінде 30 шақты шағын фирма топтасты. Аз ғана уақыттың ішінде шағын және орта бизнес өкілдері бәсекеге қабілетті нысандарға айналып, тапсырыс көлемін ұлғайта алатын жағдайға да жетті.

Игор РАДОВИЧ, ҚАЗЦИНК ЖШС ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
- Тек 2012 жылы ғана компания жергілікті тауар өндірушілердің 266 миллиард теңгенің тауарын алып, қызметін пайдаланды. Бұл жалпы сатып алудың 60 пайызы.

Өкінішке орай, елдегі алпауыт компаниялардың барлығы бірдей отандық тауар өндірушілердің пайдасына таңдау жасай бермейді. Біреулерді сапа жағы қанағаттандырмаса, екінші біреулер талай жылдан бері бірге істеп келе жатқан әріптестерімен байланыстарын үзбейді. Жергілікті билік өкілдері экономика өрлеуінің басымдықтарын іске асыруға ниетті. Сондықтан кәсіпорындар қазақстандық бизнесті қолдаудың өзіндік бағдарламаларын әзірлеуі қажет деп есептейді.

Ермек КӨШЕРБАЕВ, ШҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Бұл - баламалы бизнес болуы керек. Ол үшін компанияның қызметімен тікелей байланысты болуы да шарт емес. Мысалға, бұл жобалар - экология, қоршаған ортаны қорғау саласын қамтуы мүмкін. Ең бастысы, оның мақсаты - ірі компания төңірегінде қазақстандық тауармен қамтамасыз етушілер тобын жасақтау.

Бір үстел басында жиналған өскемендік кәсіпкерлер әлі де бірін-бірі біле қоймайтындарына көз жеткізді. Бір-бірінің қажеттіліктерін өтеуге бағытталған ортақ келісімшарттардың болмағаны да бір жағынан осыдан болса керек. Кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы бағасы 45 теңгеден аспайтын көкөніс сатып алу жүйесін ұсынды. Оның жұмысшылардың асханалары үшін маңызы аса зор. Мұны түсінген іскерлер дереу табылып, сол арада келісімге қол қойылды. Өзгелер де жергілікті экономиканы қолдау үшін дәл осындай жүйемен жұмыс жасау қажет деген тоқтамға келді.

Хабар Агенттігі