01.04.2013
«ҚазБелАЗ» БК» ЖШС 2011 жылдан бері 890 млн. теңгенің қосалқы бөлшектерін сатты

«ҚазБелАЗ» БК» ЖШС 2011 жылдан бері 890 млн. теңгенің қосалқы бөлшектерін сатты

 

Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев Қарағанды машинажасау консорциумы мен «ҚазБелАЗ» БК» ЖШС жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды аймақ басшысының баспасөз қызметі.

Машина жасау консорциумы 2010 жылы Қарағанды облысы экономикасының базалық салаларын дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру мақсатында құрылған болатын. Оның құрамына 32 кәсіпорын, 3 институт және «UniScienTech» технопаркі кіреді.

Консорциумның өнеркәсіптік әлеуеті де ауыз толтырып айтарлықтай. 106 мың шаршы метр жерді алып жатқан жабық өндірістік алаңдарда 1500-ден аса адам еңбек етеді. Негізгі бағыттары - тау-кен жабдықтары мен коммуналдық және ауыл шаруашылығы техникаларының тіркеме құралдарының өндірісі. Сонымен қатар консорциум құрамына кіретін кәсіпорындар металл конструкцияларын, қазандық жабдықтарын, жиһаз өндіріп, құрылыс қызметтерін көрсетеді.

Аймақ басшысы прототиптеу цехы мен токарлық-фрезерлік орталықтың жұмысымен танысты.

Консорциум директоры Болат Кенжиннің айтуынша, прототиптеу технологиясы кез келген күрделілік деңгейіндегі үлгілерді жасауға мүмкіндік береді. 3D-прототиптеу көмегімен өндірісте жобаларды жасап қана қоймай, күрделі детальдың макетын дайындауға да болады. Оның басты артықшылығы - қарапайым әдіспен қағаз бетіне сызылған сызбада көрінбейтін кемшіліктерін бағалауға болады.

Ал, бес координатты токарлық-фрезерлік станок туралы айта кететін болсақ, бұл құрал өнімділік, эргономика және жұмыс аумағының көлемдері жағынан үлкен мүмкіндіктерге ие.

Құрал-жабдықтарды қарап шыққан соң облыс басшысына «ПромИнструментСервис», «Каргормаш», «Пархоменко атындағы машина жасау зауыты» және басқа да консорциум кәсіпорындарының өндірген өнімдері көрсетілді.

Беларусь Республикасымен ынтымақтастық аясында Қарағанды облысынан Индустриаландыру картасына енгізілген «ҚазБелАЗ» БК» ЖШС бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.

Бұл жобаның басты мақсаты – «БелАЗ» техникаларын күрделі жөндеуден өткізу құрастыру жұмыстарын ұйымдастыру. Оған белорус жағынан «БелАЗ» ААҚ, біздің елімізден - «Қазақмыс» Корпорациясы» мен «АстанаБелАЗсервис К» компаниялары қатысады.

2011-2012 жылдары және өткен 2013 жылдың үш айында кәсіпорын жалпы сомасы 150 млн. теңге көлемінде агрегаттарды жөндеуден өткізіп, 890 млн. теңгенің қосалқы бөлшектерін сатты.

Қосалқы бөлшектерді жеткізу «Қазақмыс» корпорациясының «Жезқазғантүстімет» ӨК, «Балқаштүстімет» ӨБ, «Қарағандытүстіметалл» ӨБ, «Востоктүстімет» ӨБ өңірлік филиалдары, сондай-ақ, «Қаражыра ЛТД» (Семей қаласы) мен «Nova-Цинк» (Ақжал кенті) арқылы жеткізіледі.

BNews.kz