06.02.2013
Ақтөбе облысында кен орнын пайдаланушы компаниялар қазақстандық құрам бойынша міндетті орындай алмады

Ақтөбе облысында кен орнын пайдаланушы компаниялар қазақстандық құрам бойынша міндетті орындай алмады

 

ҚазАқпарат

Бүгін «Нұр Отан» ХДП ғимаратында ірі компаниялардың тауар сатып алу, жұмыс және қызмет көрсетуде қазақстандық құрамды дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті.

Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қазақстандық құрам бойынша кен орнын пайдаланушы компаниялардың жұмысын сынға алды.

Атап айтқанда, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Марат Балмұхановтың сөзіне қарағанда, 2012 жылдың қорытындысы бойынша мұнайгаз саласында компаниялардың тауар сатып алудағы қазақстандық құрам көрсеткіші жоспардағы 11 пайыздан 9,4 пайызды құрады, жұмыс және қызмет көрсетуді сатып алуда жоспарлық 82 пайыздың 73,9 пайызын құрады.

Тау-кен өнеркәсібінде қазақстандық құрам тауар сатып алуда жоспарлық 11 пайыздың 9,9 пайызын, жұмыс және қызмет көрсетуді сатып алуда жоспарлық 82 пайыздың 71,2 пайызын құрады.

«Кен орнын пайдаланушы компаниялар қазақстандық құрам бойынша жұмысты атқара алмады. Индикаторларға қол жеткізілген жоқ. Жұмыс тиісті емес деңгейде, нашар жүргізілуде», - деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Сондай-ақ кеңесте аталып өткендей, алты ақтөбелік кәсіпорын - Ақтөбе хром біріккен зауыты, Ақтөбе металл емес құбырлар зауыты, Құрылысдеталь, Ақтөбе металл құрылғылар зауыты, Ақтөбе Нан, Айс қазақстандық құрам бойынша жұмысты жоспардан тыс атқарды.