04.02.2013
«Қазгеология» шағын қалаларды «құтқарумен» айналысады

«Қазгеология» шағын қалаларды «құтқарумен» айналысады

ҚазАқпарат

Еліміздің «Қазгеология»  ұлттық компаниясы геологиялық барлау мен кен базасы азайған шағын қалалар төңірегінен жаңа кен орындарын іздеуді бастайды.

Бұл туралы бүгін журналистерге ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

Оның айтуынша, ағымдағы жылы «Қазгеология» 10 жобаны жүзеге асыруға белсене кіріспек. «Бірнеше басымдықтар бар. Бірінші басымдық - бұл геологиялық барлау және кен базасы азайған шағын қалалар төңірегінен кен орындарын іздеу. Бірнеше алаң бар», - деді ол.

Ә.Исекешевтің сөзіне қарағанда, геологиялық барлау Жезқазған қаласының, Алматы мен Қостанай облыстарының төңірегінде жүргізіледі. Ол сондай-ақ қауіпті әрі қиын учаскелер қамтылатындығын қосып өтті.

«Тағы бір бағыт - метан газын барлау және іздеу. Бізде өндірістік игеру үшін қанша метан газы бар екендігін нақты айқындау мақсатында», - деді  Үкімет басшысының орынбасары.