04.02.2013
Қазақстан мен Англияның тау-кен компаниялары Қарағанды облысында ірі кен орындарын іздеуге кіріспек

Қазақстан мен Англияның тау-кен компаниялары Қарағанды облысында ірі кен орындарын іздеуге кіріспек

ҚазАқпарат

Бүгін еліміздің «Қазгеология» ұлттық компаниясымен британдық «Рио Тинто» тау-кен компаниясы екі бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойды.

Келісімге сәйкес кәсіпорындар Қарағанды облысының «Балқаш-Сарышаған» және «Қорғантас» учаскелерінде ірі кен орындарын іздеуді бастайды.

Геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыру британдық компания тарабынан жүзеге асырылады. Бастапқы кезеңде компания 10 млн. АҚШ долларын бөлуге ниет танытып отыр. Жобаның дамуына қарай инвестиция көлемі де арта түспек.

Қол қою рәсімінен кейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, Қазақстан мен Ұлыбритания компаниялары ынтымақтастығының екінші бағыты технологиялар трансферті саласын қамтиды. Бұл ретте «Рио Тинто» компаниясы елімізге заманауи геологиялық барлау технологиясын жеткізумен қатар аталған құрал-жабдықтарды игерудің  қыр-сырын қазақстандық мамандарға үйретпек.

«Біздерге үлкен тереңдіктерде жұмыс істей алатын технологиялар қажет. Өкінішке қарай, әзірше біздің геология үлкен тереңдікте жұмыс істеу әлеуетіне ие емес. Біз «Рио Тинтомен» жаңа технологиялармен бірлесіп жұмыс істеп,  оларды Қазақстанның барлық жерінде пайдалана алатын боламыз деп ойлаймын», - деді Ә.Исекешев.