01.02.2013
Қазақмыс былтыр 129 мың унция алтын, 12,643 млн. унция күміс өндірді

Қазақмыс былтыр 129 мың унция алтын, 12,643 млн. унция күміс өндірді

ҚазАқпарат

Қазақмыс тобы 2012 жылғы өндірістік қызметінің қорытындысын жариялады.

Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2012 жылы Қазақмыс кәсіпорындарында 294 мың тонна катодты мыс өндірілді. Ал меншікті концентраттан өндірілген мыстың көлемі 292 мың тоннаны құрады. Ілеспелі өнімдер өндірісінде де  компания болжаған деңгейге қол жеткізіп отыр.

Атап айтқанда, концентраттағы мырыш өндірісі 152 мың тоннаны, алтын 129 мың унцияны, күміс 12, 643 млн. унцияны құрады. Оның ішінде күміс өндіру көлемінің жоспарлы көрсеткіштен асып түсуіне кен құрамындағы бағалы металл мөлшерінің жоғары болуы түрткі болған көрінеді. Былтыр өндіріліп шығарылған әр мың тонна рудадағы мыстың орташа көрсеткіші 0,95 пайызды құрады. Ал концентраттағы мыс 306,1 мың тонна, меншікті концентрат 303,7 мың тонна, сатылып алынған концентрат 2,4 мың тонна болды. Катодты теңгерімдегі мыс өндірісі 294, 4 мың тонна болып, меншікті концентраттан 292,2 мың тоннаны, сатып алынған концентраттан 2,2 мың тоннаны, мыс кесегі 23,9 мың тоннаны құрады.