24.01.2013
Н.Назарбаев «Тау-кен Самұрық», «Қазгеология» компанияларының жұмысын сынға алды

Н.Назарбаев «Тау-кен Самұрық», «Қазгеология» компанияларының жұмысын сынға алды

ҚазАқпарат

23 Қаңтар Ақордада өткен 2012 жылдың қорытындысына және «Қазақстан -2050» стратегиясын жүзеге асыруға арналған кеңейтілген отырыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тау-кен Самұрық», «Қазгеология» компанияларының жұмысын сынға алды.

«Егерде барлау турасында айтар болсақ, Қазақстан барлау шығындары деңгейі бойынша төменгі орындардың бірінде. Біздерде бір шаршы шақырымға 20 доллар шығындалса, Қытайда - 45, Австралияда - 167, Канадада - 203 доллар. Міне, біз қайдамыз, олар қайда?.  Әлемдік деңгейдегі «Рио Тинто» компаниясы барлауға ондаған миллион доллар инвестиция құюға дайын. Біздің инстанцияларда 2 жыл бойы жүріп, ештеңе тындыра алмады», - деді Елбасы.

Осы орайда Мемлекет басшысы елімізде темір кенін барлау жұмыстары 300-400 метр тереңдікке дейін ғана жүргізілетіндігін атап өтті. Қазіргі технологиямен 2000-3000 метрге дейін Қазақстанда қанша байлық жатқандығын білуге болады. Тек мұнайды барлау үшін 3000-4000 метрлік тереңдік бұрғыланады.

Осы ретте Елбасы Ә.Исекешевке қарата: «Сіздер келісімді тапқан кезде 2-3 жылға ғана рәсімдейсіздер. Өйткені инвесторларды іріктеу бастапқы кезеңде-ақ нашар жүргізіледі. 2009 жылы менің тапсырмаммен құрылған «Тау-кен Самұрық» ұлттық компаниясы әлі күнге дейін жұмыс істемейді», - дей келіп, «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Өмірзақ Шөкеевтен аталған компанияның  неге жұмыс істемей тұрғандығын сұрады. «Біз алғымыз келген 20 кен орнының тізімін бердік. Төртеуіне қол қойдық. Қалғанының шешімін күтудеміз», - деді Ө.Шөкеев.

Сонымен қатар ҚР Президенті Қазгеология компаниясының жұмысын да сынға алды. «Бұл компания үш жыл бойы стратегиясын дайындауда. Вице-премьер Исекешевке 1 айлық мерзімде ахуалды түбегейлі түзету бойынша нақты ұсыныс енгізуді тапсырамын», - деді Н.Назарбаев.