11.01.2013
Премьер-министр ҮИИДМБ-ны іске асыру мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді

Премьер-министр ҮИИДМБ-ны іске асыру мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді

BNews.kz

ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов Мемлекет Басшысының ҮИИДМБ-ны іске асыру бойынша берген тапсырмасын орындау аясында селекторлық кеңес өткізді. Кеңеске орталық және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық компаниялардың басшылары қатысты, деп хабарлады Премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Есептік баяндаманы ҚР Премьер-министрінің орынбасары - индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев жасады.

«Үш жылда Индустрияландыру картасы аясында 537 нысан пайдалануға берілді. 1,4 трлн. теңгенің өнімі шығарылды. 2010 жылдан бастап өңдеу өнеркәсібінің тұрақты өсімі байқалды. Өндірістік саладағы физикалық көлем индексі 2012 жылдың 11 айында 2011 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда еліміздің 12 өңірінде өсті. Индустриаландыру Картасы жобаларының экономикаға берген пайдасы қомақты», - деп ойын түйіндеді вице-премьер.

Сонымен қатар, Ә. Исекешев ҮИИДМБ-ны орындауда «назар аударарлық көкейкесті мәселелер де барлығын» айтты. «2010 жылы берілген жобалардың жетеуі тоқтап тұр. Сонымен қатар, екінші жартыжылдықта тұсауы кесілген жобалардың 18-нің іске қосу актілері толық берілмей отыр», - деп хабарлады Ә.Исекешев. Вице-премьер ҮИИДМБ-ны орындау қарқынын тежеп отырған бірқатар себептерді атады.

Кеңес барысында орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары баяндама жасады.

Кеңесті қортындылай келе, Премьер-министр ҮИИДМБ мен Индустрияландыру картасы жобаларын жүзеге асыру мәселесінде тиісті бақылау мен үйлестіру жасамаған атқарушы органдарды сынға алды.

«Бүгінде Бағдарламаны орындау орталықтан өңірлерге ойысып барады. Сайып келгенде өңірлерде отандық сондай-ақ, шетелден инвестициялар тарту жұмысы жүргізілмейді. Алдағы уақытта жаңа, заманауи технологиялар мен өндіріске көшуді қамтамасыз ету қажет. Өңірлер экономикасын өсірудің барлық мүмкіндіктерін толығымен пайдалану жұмыстарын күшейту керек», - деп атап көрсетті С. Ахметов.

Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет Басшысы тиісті органдарға ҮИИДМБ жоспарланған мақсатты индикаторларын орындау, сондай- ақ 2013-2014 жылдарға арналған ҮИИДМБ-ны жүзеге асыру іс-шараларының нақты Жоспарын әзірлеуді қатаң бақылауға алуды тапсырды.

«Әрбір проблемалы жобалар бойынша оларды жобалық қуатқа шығару мәселесіндегі іс-шаралар Жоспары бекітілді. Олардың орындалуына қатаң бақылау жасау қажет. Жобаларды іске асырудағы шынайы амалдар жаңа жағдайларды, оның ішінде БЭК-ке қатысу және ДСҰ-ға өту жағдайын есепке ала отырып, қауіп-қатерлерді барынша азайтуы тиыс. Президент алдымызға таяудағы екі жылда ҮИИДМБ-ның алғашқы бесжылдығын табысты аяқтау міндетін қойды. Мемлекет басшысы жүктеген барлық тапсырмаларды біз толық орындайтын боламыз», - деп ойын түйіндеді С. Ахметов.